Шымкентте дизель отынының бағасы қымбаттады. Бұрын литрі 194 теңгеден болса, ал қазір кейбір автожанармай құю станцияларында 199 теңгеден сатылуда. Бұрынғы бағамен дизель отынын Шымкенттен табуға болады, бірақ сатылмайды. Тек талон арқылы беріп жатыр. Әлихан Файзханов толықтырады.

Шымкентте дизель отынының бағасы жанармай бекеттерінде әр түрлі бағада сатылып жатыр. Бір жанармай құю бекетінде 194 теңгеден болса, келесі орындарда 199 теңгеден берілуде. Жүргізушілердің айтуынша, жеңіл автомобильдерге жанармай құю бекеттерінде отынды жоғары бағада құйып беріп жатқан көрінеді.

Сонымен қатар, бағаны тым шарықтатып жіберген орындарды да кездестіруге болады. Шымкентте қаланы көгалдандыру және жинау компаниясының меншігінде дизель отынымен жүретін 100-ге жуық машина бар. Жақында оларға литріне 250 теңгеден жанармай құю ұсынылғанын айтты сала маманы.

Бауыржан Әмірбеков, «ЛТД Тұрмыс» ЖШС-і директорының орынбасары: «250 теңгелік баға бізде бар, негізі «Синойлда» талон арқылы жанармайды құйып аламыз. «Синойл» шектеу қойған кезде, қалада 250 теңгеден сату ұсынылды, бірақ ауылшаруашылық басқармасы бізге шектеу қояды, квота береді».

Шымкентте дизель тапшылығы болып жатқанын көлік жүргізушілері осыдан бір апта бұрын байқай бастаған. Кейіреулер дизель құю үшін жарты қаланы шарлауға мәжбүр. Бәрінен бұрын талоны бар адамдарға оңай болып тұр.

Қазақстанның өзінің мұнайы бар, неге мұндай бассыздық болып жатыр? Бензин бар, мен өзім осы қызметте жұмыс істеймін, бірақ дизель жоқ» дейд ашынған жүргізуші.

Екі күн бұрын ғана қазақстандықтар алдында сөз сөйлеген Энергетика вице-министрінің айтуынша, логистика саласында мәселе туындаған. Шымкент мұнай өңдеу зауытында отын жөнелтуде қиындықтар орын алған. Сол кезде Әсет Мағауов жағдай алдағы екі-үш күнде шешіледі деп уәде берді. Бірақ дизель отынының жетіспеушілігі әлі де өзекті болып отыр.

Сонымен қатар, бүгінгі таңда Алматы мен Алматы облысының жүргізушілері жанармай тапшылығына шағымданды. Олар дизель бір жерде бар болса, оны Шымкенттегі сияқты жоғары бағамен сатады деп отыр.

Әлихан Файзханов