Шымкентте «Мерейлі отбасы» байқауы басталды

124

Шымкентте ең үздік отбасы анықталмақ. Шаһарда «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауының қалалық жарысы басталды. Додада бас-аяғы 110 жұп жеңіске жету үшін күресуде. Олардың арасында көпбалалы ата-аналар, отбасылық тәжірибесі мол жанұялар мен таяуда неке қиған отбасылар бар.

Бердіходжаевтардың шаңырағында баланың тәтті дауысы бір сәтке де сейілмейді. Үлкен отбасы үшін бұл үйреншікті жағдайға айналған. Ал аталмыш отбасындағы ересектердің сабырлылығына тіпті тәнті болуға болады. Шаңырақтың ұйытқысы болып отырған әжелері Сәуле Жүсіпқызы өзінің бүкіл өмірін, сүйіспеншілігі мен мейірін жақындарына, балалары мен немерелеріне арнаған ардақты ана.

Сәуле Бердіходжаева, «Мерейлі отбасы» байқауының қатысушысы: «Әр отбасы ынтымақ пен бірлікте өмір сүрсе, онда біздің мемлекетіміз гүлденеді. Ең бастысы — бір-бірімізді сыйлау».

Дана әйел бір мезетте қайырымдылықпен де айналысып үлгереді. Сәуле апайдың көршілері оның ешқашан көмек беруден бас тартпайтын жомарт жан екенін айтады. Енді міне Бердіхожаевтар жанұясы алғаш рет «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауының қатысушысы болу арқылы өздерін бүкіл елге таныстырғысы келеді.

Сондай-ақ, олармен бірге бұл жолы байқауда 110 бақытты жұп отбасылық ынтымақ-бірліктің құпияларымен бөлісетін болады.

Баймырза Адамбек, Шымкент қаласы Абай аудандық халықты әлеуметтік қорғау және жәрдемдесу бөлімінің басшысы: «Байқаудың басты мақсаты – нағыз отбасылық құндылықтарды насихаттау. Бақытты отбасында Отанға деген сүйіспеншілік пен құрмет — басты ереже болып табылады. Сонымен қатар, нағыз патриоттарды тәрбиелеу олардың міндеті».

Отбасы бірлігінің кілті неде? Бұл сұрақтың жауабын Үсеновтар отбасының өкілдері де жақсы біледі. «Бәріміз — біріміз үшін. Біріміз – бәріміз үшін». Міне, бұл олардың басты ұраны. Сонымен қоса, аталған жанұяның ерекшелігі — бұл жанұя скрипка, фортепиано, қобыз секілді аспаптар әуенімен ұзақ кештерде шүйіркелесуді дәстүрге айналдырған.

Қайыржан Үсенов, «Мерейлі отбасы» байқауының қатысушысы: «Біздің отбасымыздың әрбір өкілінің өзіндік талант, дарыны бар. Бұл үшін мен қатты қуанамын. Әсіресе қыздарымның аспапта ойнағанынан ерекше сүйсінемін. Мен бақытты жанмын».

Шаңырақтың береке-бірлігі мен тұрақтылығын қалай сақтап тұруға болады? Үсеновтар отбасы бұл сауалға ерекше жауап таба алмағанымен, олар әр отбасының өз бақыт үлгісі бар деп санайды. Ал, бұл жолы әділ қазыларға таңдау жасау оңайға соқпасы анық. Төрешілерге әр қатысушының қызметімен, отбасылық құндылықтарымен және дәстүрлерімен танысу міндеті жүктелген.