Шымкентте қала күні қалай тойланады?

523

19 маусым Шымкентте дәстүрлі түрде қала күні атап өтіледі. Мерекеге орай биыл 16-20 маусым аралығында жалпы саны 52 іс-шара ұйымдастырылатын болады.

Атап айтсақ, театр қойылымдары, «Абай» кітапханасы филиалдарының ашылуы, жәрмеңке мен тик-ток әлеуметтік желісіне арналған шеберлік сабақтары.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, ашық алаң астында өтетін концерттерде сақтық шаралары сақталады, ал жабық мекемеде өтетін мерекелік кештерді тек «Ашық» қосымшасынан өткен Шымкент тұрғындары мен қала қонақтары тамашалай алады.

Ханзада Есенова, Шымкент қалалық мәдениет, тілдерді дамыту және архивтер басқармасының басшысы: «Бізге театрларға арнайы бұйрық бар. Ашық бағдарламасы арқылы 50 пайыз көрермендерді кіргізуге болады деген. Мәселен, ертең Түркістан сарайында концерт болатын кезде ол жақта 1000 орын болса, сақтық шараларын сақтап 500 адамды кіргізуге болады».

Биылғы мәдени шараның ерекшелігі, қала тұрғындары үшін квест ойындары өткізілетін болады. Жауаптылар айтуынша, бұл мерекелік шараларға бюджет есебінен 28 млн. теңге бөлініпті.

Еске сала кетейік, өткен жылы Шымкентте қала күні пандемияға байланысты онлайн форматта өтіп, көрермен түрлі шаралардың телевизиялық нұсқасын тамашалаған болатын.