Шымкентте қарақұрт шағып ауруханаға түсетіндер көбейіп барады. Осылай деп дабыл қаққан дәрігерлер тұрғындарды абай болуға шақырып отыр. Себебі соңғы 9 күннің ішінде улы жәндік шағып, медициналық мекемелерге 9 адам жүгінген.
Ақ халаттылар сөзінше олардың іші мен кеудесі бірден ауырған. Соңынан тіпті жансақтау бөліміне түскендер де бар.
Ихвалбек Ихсановты қарақұрт ұйықтап жатқанда шағып алған. Шымкентке жұмыс істеуге келген Өзбекстан азаматы далада ұйықтаудың соңы осылай аяқталарын білмедім дейді. Енді міне ауруханада ем қабылдап жатыр.
Ихвалбек Ихсанов, Өзбекстан азаматы: «Мен Өзбекстан азаматымын. Шымкентте құрылыста жұмыс істеймін. Ыстық түскенде далада ұйықтағанға үйренгенмін. Өткенде солай ұйықтап жатсам, өрмекші тіземді шағып алды. Қатты ауырды. Тіпті денем ештеңе сезбей қалды. Барлық жерім ауырып, жедел жәрдем шақырдық».
Ал, қалалық токсикология мамандары болса, соңғы кездері қарақұрт шағып, ауруханаға түскендер қарасы көбейіп бара жатқанын айтады. Тіпті соңғы 9 күнде ауруханаға дәл осындай диагнозбен 9 адам түскен. Оның үшеуі алғашқы көмектен соң үйіне жіберілсе, кейбірі әлі де жансақтау бөлімінде жатыр.
Марат Көкенов, Шымкент қаласындағы токсикология орталығының маманы: “Улы жәндіктердің шығу процесі әсіресе түн кезінде адамдар ұйықтап жатқанда орын алады. Ал қазір жұрттың көбі күн ысып, далада ұйықтауға мәжбүр. Бізге түскен науқастардың көбі шалғай орналасқан елдімекендерден келеді. Мысалы, «Ақжар», «Құрсай», «Қайтпас». 9 науқас жүгінсе, 6-уы ауруханада жатыр. Қалғанының беті бері қарағасын үйіне жібердік”.
Шымкентте жәндіктерге қоса шаяндар да күш ала бастаған сыңайлы. Қала бойынша шаян шағып ауруханаға күн сайын бір науқас түседі екен. Осылай деп дабыл қаққан ақ халаттылар жыландардың да көбейіп жатқанын айтады. Төтеншеліктер де жылан аулаудың қызып тұрғанын жеткізді.
Орынбасар Туртбаев, Шымкент қаласы ТЖД жедел құтқару жасағының жетекшісі: «6 ай ішінде жедел-құтқару бөлімі жылан аулауға 24 рет шықты. 9 жыланды қолға түсірдік. Өткен тәуліктің өзінде 112-ге екі қоңырау түсті. Бірі Абай ауданынан, екіншісі Қаратау ауданынан. Мамандарымыз екі жылан ұстады. Біріншісі 1 метр болса, екіншісі 70 см».
Құтқарушылар сөзінше улы жыландар көрінген жерде жүрмейді. Бірақ, осыған қарамастан оларды қызық көріп, ұстап көрудің қажеті жоқ дейді мамандар. Себебі сыртқы пішініне қарап, қандай жылан екенін айыру қиын.