Шымкенттен қоныс аударғандар көшін ақ халаттылар мен педагогтар бастап тұр

182
фото Caravan.kz

Шымкенттен қоныс аударғандар көшін ақ халаттылар мен педагогтар бастап тұр. Жоғары білімді азаматтар еліміздің басқа өңірлерімен қатар шет мемлекеттерді таңдауда. Статистика мамандарының мәліметінше, ағымдағы жылдың алғашқы тоқсанында 7551 маман қаладан көшіп кеткен. Жерлестеріміздің бұл қадамының себебі неде?

Ағымдағы жылдың бірінші тоқсанында Шымкенттен 13 мыңнан астам адам көшіп кеткен, оның 7551-і жоғары білімді азаматтар. Олардың көшін техникалық маман иелері, педагогтар мен ақ халаттылар бастап тұр. Статистика мамандары қаладан қоныс аударғандар саны былтырғы жылдың бұл кезеңімен салыстырғанда 2898 адамға азайған дейді. Көбі еліміздің өзге өңірлерін таңдаса, 90 азамат шетелде тұруды құп көріпті. Эмигранттардың 73-і Ресейге, 6-уы Өзбекстан мемлекетіне қоныс аударған. Қалғаны алыс шетелдерді таңдаған.

Естай Жақаев, Ұлттық статистика бюросының Шымкент қаласы бойынша департаментінің бас маманы: «2021 жылғы қаңтар-наурыз айында Шымкент қаласынан жалпы 13 574 адам кетті, оның ішінде 13 484 адам – Қазақстанның басқа облыстарына, 80 адам – ТМД елдеріне, 10 адам басқа елдерге көшіп кетті. Былтырғы жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда биыл қаладан кеткендердің саны 17,7 пайызға кеміді. Оның ішінде сыртқы көші-қон бойынша 34,8 пайызға азайды».

Шымкенттіктердің пікірінше, жоғары білімді азаматтардың өзге жаққа көшуінің бірден бір себебі жалақы жетіспеушілігінде. Елден көшіп кету құптарлық іс емес деген тұрғындар бірақ материалдық жағдайдың жоқтығы осындай шешім қабылдауға әкеледі дейді.

«Күн көрістің қамы шығар. Бұл жерде ақшаның мүлде құны жоқ. Бір жұмыс емес, менің бір басымда үш жұмыс бар. Жүрісім міне, жаяу… Сол үшін ол жақта ақшаны көп төлейді. Бұл жақта аз төлейді», дейді қала тұрғыны.

«Жеке басыңыз ел азаматтарының шетелге көшуін құптайсыз ба?»,- деген сұраққа  «құптамаймын. Бірақ, жағдай жасау үшін амал жоқ баруға тура келеді» , -деп жауап берді.

Сала мамандарының дерегінше, есесіне Шымкентке көшіп келгендер саны айтарлықтай көп. Қоныс аударған 19 325 мигранттың 160-ы шет мемлекеттерден келген. Алайда олардың 29-ы ғана жоғары білімді мамандар екен. Қалаға қоныс аударғандардың 70 пайызы өз қандастарымыз.

Ақмарал Айтбаева