Екі такси жүргізушісін аяусыз өлтіріп, мәйіттерін қоқыс алаңында өртеп жіберген қаскөйлерге үкім шықты. Судья төрт адамнан құралған қылмыстық топтың екі мүшесіне өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасын берсе, ал қалғандары 10 және 11 жыл ғұмырын абақтыда өткеретін болды.
Алғашқы екеуі жүргізушілерді асқан қатыгездікпен өлтірсе, кейінгі екеуі қылмыс ізін жасыруға көмектескен. Судьяның сөзінше, қылмыс жасаған кезде күдіктілер мас күйде және есірткі пайдаланған.
Төртеуі де бұрын бұзақылық үшін сотталғандар. Оның екеуі мерзімінен бұрын босап шыққандар екен. Бұл қылмыстық топтың айналдырған жарты ай ішінде он шақты қылмысқа қатысы бар екені анықталған.
Самидин Темірәлиев, судья: «Нұрадинов, Кенжебек, Кумисовтың бұрын ауыр қылмыстар жасағаны үшін сотты болғанын, қылмысты алкогольден және есірткіден масаң күйде жасағандықтарын ескеріп, бұл жағдайларды қылмысты ауырлататын мән-жай деп танып, сот Нұрадинов пен Кенжебекке өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасын тағайындап, жазаны қылмыстық атқару жүйесінің төтенше қауіпсіз мекемесінде өтеуді белгіледі. Кумисов пен Ахметовтың Нұрадинов пен Кенжебектің екі адамды өлтіргені анық біле тұра тиісті органға хабарламай, басқа да ауыр қылмыстарға қатысқаны үшін оларға бас бостандығынан айыру түріндегі жазалар тағайындалды. Кумисовке 11 жыл, Ахметовке 10 жыл».
Айта кетейік, сот залында үкім оқылғандар бұл қылмыстарды былтыр қазан айында жасаған. Бір жүргізушіні буындырып өлтірген, ал екіншісін 5 жерінен пышақтаған. Кейін екі мәйітті де қоқыс полигоны маңына апарып, өртеп жіберген.
Кейіннен көліктерімен діттеген жерлеріне жетіп, оған да өрт қойған. Олардың жасаған қылмыстары дәлелденіп, екеуі жасаған істерін толық, ал қалғаны жартылай мойындаған.
Айта кетейік, сот үкімі әлі заңды күшіне енген жоқ.
Олжас Айдарбек