Түркістан облысы «Сайрам-Өгем» шатқалында мәйіттері табылған төрт туристің өліміне қатысты алғашқы болжамдар айтылды. Төтеншеліктердің айтуынша, олар аюдан қорыққан болуы мүмкін. Өйткені, құтқарушылар жігіттердің іздеу кезінде Өгем өзенінің жоғарғы жағынан 20-дан астам аюды кездестіргенін айтады.

Ал мамыр айы аюлардың қонжықтары үшін өте агрессивті болатын кез. Сондықтан жігіттер өзенді бойлап жүрген кезде алдарынан аю шығып қалып суға секіріп кеткен болуы мүмкін. Бұл төтеншеліктер болжамының бір нұсқасы ғана. Сала мамандары төртеуі қол ұстасып, Өгем өзенінен бірге өтпек болған кезде суға ағып кетуі мүмкін деген болжамның барын да айтты.

Ерік Сарыбаев, Түркістан облыстық ТЖД бастығының орынбасары: «Өзеннің ағысының соншалықты жылдам екенін бағаламай, төртеуі бір-бірімізге демеу болайық, бір-бірімізді ұстап тұрайық деп қолтықтасып өтті ма деген де бізде болжам бар. Екіншісі, осы 3 жігітті тапқан жерден 500 метрдей Өгем ағысынан төменде халық аузымен айтылып кеткендей, Таскөпір дейтін жер бар. Өзіміздің қарастырған болжамымыз осы Таскөпірден төртеуі бірден секірді ма деген жағдай. Өйткені, былай қарағанда секіруге оңай көрінеді. Алайда, ағысты су қанша дегенмен шашырайды. Оның бәрі қарама қарсы бетте тұрған тастың бетіне тиеді да, соны да бағаламады деген жағдай. Біреуі алғашқыда секіріп, екіншісі соны құтқарамын деп секіріп, ол ағып, үшіншісі мен төртіншісі соны құтқарайық деп ағып кеткен болуы да мүмкін. Осы 26 мамырдан басталған 22 маусымға дейін созылған іздестіру құтқару жұмыстары аралығында бүкіл жеке құраммен 28 күнде жаяу жүріспен 2543 шақырым жер қамтылды. Ал тікұшақпен 16090 шақырым аумақтар ұшып өтілді».

Естеріңізге сала кетейік, 25 мамыр күні «112» пультіне «Сайрам-Өгем» шатқалында жеті туристің жоғалып кеткені туралы хабарлама келіп түскен. Іздестіру жұмыстары 27 тәулік бойы жалғасты. Іздестіру барысында 3 турист аман табылды. Ал 29 мамыр күні 2 жігіттің мәйіті, 12 маусым күні Мақпалсай шатқалынан 6-шы туристің денесі табылды. Құтқарушылар кеше 7-ші жігіттің мүрдесін Айғыржыққан және Өгем өзендерінің тоғысқан жерінен тапты.

 

Әлихан Файзханов