Түркістан облысында алаяқ 400-ге жуық адамның атынан несие рәсімдеген

208
фото Tengrinews

Түркістан облысында алаяқ 400-ге жуық адамның атынан несие рәсімдеген. Күдікті келіншек Сайрам ауданы, Қарабұлақ ауылының тұрғындарын алғашында қордан қаржылай көмек алып беремін деп алдапты.

Барлығының жеке мәліметтеріне қол жеткізіп, олардың атынан 800 мың және 6 млн. теңге арасында несие алған. Қазір бұл оқиға бойынша қылмыстық іс қозғалып, күдікті қамауға алынды. Алайда, алынған несиенің өсімі көбейіп барады екен.

Алаяқтың құрбаны болдық деген Сайрам ауданы Қарабұлақ ауылының тұрғындары банк алдына жиналды. Сөздерінше, оларды ауылдасы «Атамекен» қорынан көпбалалы аналарға қаржылай әлеуметтік көмек алып беремен деп сендірген. Әр баламызға 50 мың теңгеден жәрдемақы аламыз деп күтіп жүргенде «Жусан» банкінен олардың атынан несие алынғаны туралы хабар келіпті. Ал күдікті қараша халықты арбауына түсірудің өзіндік тәсілін қолданыпты.

Феруза Парпиева, жәбірленуші: «Туыстарына Kaspi-ден ақша түсіріп берген. Бала санына қарай. Солар арқылы бізді шақырды олар. Міне, сенбесеңіздер бізге ақша түсті. Түсіп отыр бізге қордан дегені үшін біз бардық. Сізге қазір «Атамекеннен» код келеді соны айтасыз деді. Атамекеннен 45 цифрлы код келді бізге. Келді, соны айттық. Сосын сіздің документіңізді балалар санына қарай түсіріп көрейін деді, түсірді. Биометриялық фото жасады. Тіркеу үшін деп айтты бізге. Сөйтіп 20 күн ішінде ақша түседі, хабарласарсыз деп шығарып салды».

Жәбірленушілер алданғандар саны 400-ге жуық екенін айтады. Күдікті келіншек бас-аяғы әр адамның атынан 800 мың мен 6 млн. арасында несие рәсімдеп отырған екен. Банк алдына жиналғандар мына жағдайға қарамастан қарыздың өсімпұлы көбейіп жатқанына наразы. Және олар банк пен келіншектің ауыз жаласауы мүмкін екендігін айтады.

Хуршида Райымқұлова, жәбірленуші: «Не үшін «Жусан» банк? Сұрағым бір күнде млрдтаған ақшаны осы мұғалімдерге түсіріп жатқан. Тексермей, бізге ешқандай кодта келген жоқ, бізге ешкім звондаған да жоқ. Не үшін қыздарға өсімпұл қосылып жатыр біріншіден. Не үшін млрдтаған ақшаны бір күнде аудара берген олар. Маған 4 млн. теңге несие алған. Міне, көрініп тұр. Содан кейін ол басқа біреуге аударылып кеткен  2 минуттың ішінде. Біздің ойымызша «Жусан» банк пен осы алаяқ қыздың екеуінің тығыз байланыста болғанын біз сезіп отырмыз».

Сан-соғып қалған жұрт банк филиалының басшысымен жүздескісі келді. Алайда, қаржы ұйымы әкімішілігінен ешкім шыға қоймады. Есесіне аудандық «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының басшы келді. Оның айтуынша, жәбірленушілердің ұялы телефонына Атамекеннен СМС хабарлама жіберілмеген.

Бауыржан Сыздықов, «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының Сайрам аудандық филиал директоры: «Бұл көрсетілген мәліметтер мен ойлаймын алаяқтардың «Атамекен» атынан басқа нәрсе тіркеп жұмыс жасағаны. Онымен құзырлы органдар айналысады. Бірақ «Атамекен» тарапынан  пин код ешкімге жолданбайды».

Күдікті ретінде ет сатумен айналысатын Сайрам ауданында тұратын жас әйел ұсталған. Қазіргі уақытта «Аса ірі мөлшердегі алаяқтық» бабы бойынша қылмыстық іс қозғалып, тергеу амалдары жүріп жатыр.

Салтанат Қаракөзова, Түркістан облыстық ПД баспасөз қызметінің жетекшісі: «Жәбірленушілердің саны полиция басқармасына арыз жазған 147-ні құрайды. Тергеушілердің айтуына қарағанда азаматтардың саны өсуі мүмкін. Күдікті ретінде жергілікті тұрғын анықталып, қамауға алынды. Болған оқиғаның мән-жайы тергеу барысында анықталады».

Енді алаяқтың құрбаны болған жұрт алынған несиенің пайыздың өсімпұлын тоқтатуды сұрап отыр. Өйткені бұл несие олардың басқа шоттарын бұғаттап тастауы мүмкін. Сонымен қатар, құқық қорғау органдарының бұл істі жіті қарап, барлық жауаптылардың жазалануын сұрайды.

Олжас Айдарбек