Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев пен «Самұрық-Қазына» АҚ Басқарма төрағасы Алмасадам Сәтқалиев кездесті. Отырыс барысында өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы бойынша бірлескен жобалар талқылады.
Айта кетейік, қазіргі уақытта «Самұрық-Қазына» тобының портфельдік компаниялары газдандыру, электр энергетикасы, электрондық коммерция, пошта қызметтері, ақпараттық және коммуникациялық инфрақұрылым саласында бірқатар жобаларды іске асыруда.
Енді алда бірлескен бастамалар арасында инклюзияны қолдау ресурстық кабинетін жабдықтау, көпфункционалды спорт кешендерін салу, «Түркістан-Шымкент-Ташкент» жоғары жылдамдықты теміржол магистралін салу және басқа да бірқатар жүзеге асырылу керек жобалар талқыланды.
Еске сала кетейік, өткен жылы «Самұрық-Қазына» қоры бес әлеуметтік маңызды нысанды сыйлаған болатын. Олар: Х.А. Яссауи мұражайы, 7000 орындық стадион, оқушылар сарайы, Конгресс-холл және «Қазпошта»АҚ облыстық бөлімшесінің ғимараты.
Сондай-ақ, 2 жыл бұрын Арыста жарылыс салдарынан қираған ғимараттарды қалпына келтіруге белсенді атсалысқан еді. Атап кетсек, 68 әлеуметтік инфрақұрылым нысаны жөнделіп, салынды, оның ішінде 16 мектеп, 36 балабақша, 8 денсаулық сақтау нысаны, 4 спорт нысаны, колледж, теміржол вокзалы, Даңқ аллеясы және Орталық алаң.
Камила Есенғали