Жанармай бекетіндегі өрттен газ толы цистерна жарылуға шақ қалды

140

Шымкентте жанармай құю бекетінде өрт шықты. Жанып жатқан цистернадан шыққан түтін алыстан көрінді. Өрт сөндірушілер өртті сөндіре алмады, олар тек жарылып кетпеу үшін цистернаны салқындатып тұрды. Апаттан станция қызметкерлерінің бірі зардап шекті.

Жанып жатқан газ цистернасын видеоға түсіріп жатқан куәгерлер қауіпті жағдайда тұрғанын аңғармаған секілді. Өйткені 4 тонналық газ толған цистерна кез-келген уақытта көк ұшуы мүмкін еді.  Өрт сөндірушілерге газ толық жанып біткенше бөшкені суытып тұруға тура келді.

Азамат Бұлдырықов, Шымкент қалалық ТЖД бас инженері: «Еңбекші ауданы Момынов көшесінде жанармай бекетінің газ құю бекетінде өрт шықты деген хабар түсті. Оқиға орнына келіп жеткен өрт сөндірушілер көлемі 4 тонналық газ құю цистернасының жанып жатқанын байқады. Өртті 16:08 минутта оқшаулап, 16:10 минутта толығымен сөндірілді. 7 техника мен 21 жеке құрам қызмет етті».

Оқыс оқиғадан зардап шеккендер бар. Газ құю бекеті қызметкерінің беті мен қолдарын күйік шалған.

Мадина Ермаханбетова, Орынбаев атындағы гипербариялық оксигенация орталығының бас дәрігері: «Бізге 1,2,3 А дәрежелі термиялық күйік диагнозымен түсті. Көлемі 10-19 пайыз, негізінен беті мен қолдары күйген. Қазіргі уақытта науқас ем алу үстінде, әзірге күйік бөлімінде болады».

Лапылдап жанған оттан қазір тек қабырғадағы күйік қана қалған. Цистерна алынып тасталған. Жанармай құю бекеті қалыпты режимде жұмыс істеп тұр. Қала тұрғындарының айтуынша, автогаз тапшылығы кезінде өртенген 4 тонналық цистерна келеңсіз жағдай.

Шымкентте автогаздың жетіспеушілігі қатты байқалады. Көптеген станцияларда газ жоқ деген тақтайшалар ілінген болса, басқалары жанар-жағармайды тек талон арқылы беріп жатыр.

Олжас Айдарбек