Жемқорлықтың алдын алу – басты мақсат

87

 

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру, парасаттылық құндылықтарын дәріптеу мақсатында Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Агенттігінің Шымкент қаласы бойынша департаментінің басшысы Асхат Жұмағали «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» коммерциялық емес АҚ қалалық филиалының ұжымымен жиын өткізді.

Шараны ашқан Департамент басшысы Асхат Жұмағали жемқорлықпен күресті күшейту жөніндегі Мемлекет басшысының тапсырмасы аясындағы басым бағыттарға, Агенттікпен жүзеге асырылып отырған жобаларға, заңнамалық жаңашылдықтарға тоқталды.

Департамент басшылығы қарамағындағы қызметкерлердің сыбайлас жемқорлығы үшін басшылардың отставкасы және тәртіптік жауапкершілігі институты, нормативтік құқықтық актілер жобаларының сыбайлас жемқорлыққа қарсы сараптамасын қалпына келтіру, жемқорлық туралы хабарлағаны үшін азаматтарды көтермелеудің жаңа жүйесіне кеңінен тоқталды.

Сонымен қатар, Департамент басшысының бірінші орынбасары Талғар Серікбаев квазимемлекеттік сектордың барлық ұйымдарында комплаенс бөлімшелерін құру және олардың тиімді қызметінен хабардар етті.

Спикердің айтуынша, квазимемлекеттік сектор жүйесіне комплаенс жүйесін енгізудің мақсаты оның лауазымды тұлғалары мен қызметкерлерінің мінез-құлықтың жоғары стандарттарына бейімділігін қалыптастыру, ашық және адал қызмет жүргізу, іскерлік беделді нығайту және ұйымға деген сенімді арттыру болып табылады.
Кездесуде сыбайлас жемқорлыққа қарсы мінез-құлықтың жарқын үлгісін қалыптастыру, қоғам індетінің деңгейін төмендету сөз болды.

Өз кезегінде «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» коммерциялық емес АҚ қалалық филиалы директорының міндетін атқарушы Шалхар Шерімов ұжым арасындағы жемқорлықтың алдын алу мақсатында атқарылған жұмыстармен таныстырды.

Қоғамда парасаттылық принциптерін дәріптеуді көздеген шара ұйымдастырушылары жемқорлықты жоюдың жолы адалдыққа үндейтін шараның көптеп ұйымдастырылуы арқылы алдын аламыз деп тарқасты.