Зообақ басшысы көптің сынына жауап берді

159

Шымкент зообағының директоры әлеуметтік желіде тараған сын-ескертпелерге қатысты жауап берді. Еске сала кетейік, бұған дейін әлеуметтік желілерде жануарларды еркіндікке жіберу керек, зоопарк жабылсын деген сынды жазбалар қызу талқыға түскен еді.

Осы ретте хайуанаттар бағының басшысы журналистерге баспасөз турын өткізіп, зоологиялық саябақ жануарларын табиғатқа жіберу мүмкін емес екенін жеткізді.

«Жануарларды еркіндікке жіберу керек!». Осылай деп пікір білдірген әлеуметтік желі қолданушылары Шымкент зообағындағы жануарлардың жағдайына алаңдаушылық тудырды. Яғни, олар хайуанаттардың қарны аш, әрі вольерлері ескі, иісіне шыдау мүмкін емес екенін алға тартып, қызу талқыға салды. Және олар зообақтың жабылуын талап етті.

«Зоопарк не керегі бар? Осы жануарларды босатыңыздар немесе жағдайын жасаңыздар, обал емес па? Не суы жоқ, не тамағы жоқ. Өздеріңді сөйтіп қамап қойса, қандай боласыздар. Олар да тірі жан», (Инстаграмдағы пікірлер).

Ал зоологиялық саябақ басшысының сөзінше, расында 41 жыл бұрын салынған вольерлер ескірген. Бірақ, зообақта жануарларға арнап жаңа орындар дайындалып жатыр.

Жалпы, 2013 жылы басталған ауқымды қайта құру жұмыстары жобасы бойынша 2023 жылға дейін бүкіл зообақ аумағындағы жаңа вольерлер құрылып бітеді. Барлық аң жаңа әрі таза жерге ауыстырылғанда мәселе түбегейлі шешімін табады дейді. Сондай-ақ, басшы жолбарыс пен арыстандардың үнемі ұйқыда болуының да себебін түсіндірді.

Нұрғазы Бұхарбай, Шымкент қалалық зообақ басшысы: «Аңдар қарны аш болса, ол безеңдеп жүгіре береді. Тоқ аң ұйықтайды. Мына жолбарыс ол 18-19 сағат ұйықтайды. Арыстан 20 сағат ұйықтап жатады тәулігіне».

Баспасөз турын өткізген зообақ директорының айтуынша, мұндағы жануарларды табиғатқа жіберу мүмкін емес. «Зообақта туылған аңдар табиғатта өмір сүре алмайды», –  деп кесіп айтқан Нұрғазы Бұхарбай зоологиялық бақтың жабылуы балалардың балалық шағына балта шабумен тең екенін алға тартты.

Нұрғазы Бұхарбай, Шымкент қалалық зообақ директоры: «Жануарларды босатып жіберу керек, табиғатқа жіберу керек дегенге мен осы бір жауап берейін. Осы зообақтың жануарларының бәрі осы жерде туылған, болмаса басқа зообақтан алып келінген. Олар табиғатта өмір сүре алмайды. 6 жыл алдын бізде 168 түрі болған болса, қазір 290. 180 мың келушілер болған болса, қазір 400 мыңға жеткізіп жатырмыз. Оның бәрі біздің жұмысымыздың көрсеткіші. Зообақ жаман болса адамдар келмейтін еді. Зообақ жаман болатын болса аңдар өспейтін еді».

Айта кетейік, 1980 жылы ашылған Шымкент зообағы еліміздегі 3 хайуанаттар бағының бірі. Алғашында 75 аң түрінің 350-і болған. Ал бүгінде мұнда 290 түрлі 2612 бас жануар бар.

Сондай-ақ, зообаққа кіру билеті балалар үшін – 300 теңге, 17 жастан жоғары тұрғындар үшін – 600 теңгені құрайды. Ал, 6 жасқа дейінгі балаларға, ардагерлер мен мүмкіндігі шектеулі азаматтарға тегін.

 Мөлдір Ибадуллаева