Биылғы аптап ыстық жасыл желекті күтіп ұстауда өзіндік қиындығын туғызып отыр.
Осылай деген сала мамандары тіпті шіліңгір шілдеге төзімді көп жылдық қарағаштың өзінің жапырақтары сарғайып ауруға шалдыққан дейді. Саябақ, гүлзарлар мен көше бойындағы ағаш, бұтақ ағаштарды қуратып алмас үшін ағын судың жеткілікті қоры қажет.
Шіліңгір шілдеде Шымкенттегі Абай саябағындағы қарағаштардың жағдайы мәз емес. Осындағы жасыл желектің күтіміне жауапты Дәулет Сабаевтың айтуынша, жапырақтары сарғайған қарағаш ауруға шалдыққан.
Дәулет Сабаев, коммуналдық мекеменің жұмысшысы: «Қатты ыстық 45 градус болып жатыр ғой. Барлығы қурап, суды уақтылы жеткізе алмай жатырмыз. 20 қызметкер бар. Адам жетіспейді, игере алмай жатырмыз».
Абай саябағының 32 гектардан астам аумағында 20 мыңнан астам ағаштар мен бұтақшалар өседі. Олардың барлығын бір мезетте суғару үшін мұнда тамшылатып суғару жүйесі қарастырылмаған дейді сала қызметкерлері. Жұмысшылар кестеге сәйкес әр учаскедегі жасыл желекті шлангымен суғарады.
Асан Диханбаев, коммуналдық мекеменің жұмысшысы :»Анау каштаннан бері қарай суғарып келе жатырмын. Бір учаскеде 1 мың түп ағаш бар, оның бәріне су жеткізу керек. 5-6 күннен кейін кезекті рет суғарамыз».
Ал шаһардағы Асанбай Асқаров атындағы дендрологиялық саябақта жағдай мүлдем басқаша. Қарағаштар жайқалып тұр. Былтыр демалыс аймағында суғару жүйесі жаңаланып, 117 гектар аумақтағы 550-ге тарта ағаш мен ағаш бұтақшаларын бір мезетте тамшылатып суаруға мүмкіндік туды дейді саябақтағылар.
Үсен Құрманбай, А.Асқаров атындағы дендросаябағы ғылым бөлімінің басшысы: «Биыл қуаңшылық болып жатыр. Дәл осындай 50 градус ыстық 1975 жылы болған екен. Біз қазір қолымыздан келгенін жасаудамыз. Бізге 250 л/сек су келсе ,біз жасыл желекті жақсы күтеміз, 150 л/сек ол аздық етеді. Бірақ осыған қарамастан күтіміне аса көңіл бөліп жатырмыз».
Ескеретін жәйт, дендросаябақта сирек кездесетін өсімдіктердің түрі 60-тан асады, 7 ағаш түрі «Қызыл кітапқа» енгізілген. Қаланың өкпесі саналатын дендрологиялық және де өзге де саябақтар мен гүлзарлардағы жасыл желекті салқын түскенше қуратып алмай күтіп ұстауға коммуналшылар тырысып бағуда.
Шынар Оразова