Арыстағы жарылыс: Айыпталушыларға сот үкім шығарды

154

Арыс қаласында орын алған жойқын жарылысқа қатысты қылмыстық іске нүкте қойылды. Айыпталушы 16 азаматқа бүгін сот үкімі шықты.

Оларға тағайындалған ең ауыр жаза түрі — 10 жыл бас бостандығынан айырылу. Арасында шартты түрде сотталғандар да бар. Алайда сотталушылардың қорғаушылары үкіммен келіспейтінін айтады. Денсаулығымызға нұқсан келді деген жәбірленуші тарап болса, әлі күнге дейін өтемақы төленбегенін жеткізді.

Арыстағы жарылысқа қатысты кінәлілер анықталып, оларға сот үкімі шықты. Жарылысқа байланысты сот отырысы 2020 жылдың 11 маусымында басталған еді. Жәбірленуші деп 1500 адам танылса, айыпталушы ретінде 16 адам жаза арқалады. Оның 12-сіне 4 жылдан 10 жылға дейін бас бостандықтарынан айырылу жазасы, 4-еуіне шартты түрде жаза тағайындалды.

Ал, айыпталушы тараптың қорғаушылары үкіммен келіспейтіндерін айтады. Енді апелляциялық шағым түсіретіндерін жеткізді. Айта кетейік, сот үкімі әлі заңды күшіне енген жоқ.

Бекжан Нұрмаханбет, қорғаушы: «Ақты ақ, қараны қара деп белгілеу керек. Оны ешкім қолдан істеген жоқ. Оны бір Алла біледі неден болғанын? Нақты айтқан жоқ жарылыс неден болғанын? Негізінен дәлел жоқ нақты. Экспертизаны тексеру керек. Оны да мұқият тексермеген экспертизаны».

Айтбек Рысбек жарылыс орын алған кезде жұмыста болыпты. Бас сауғалап қаша жөнелген сәтте оның үстіне снаряд түскен. Салдарынан мүгедек болып қалған.

Емделуге қаражатының қалмағанын айтады. Өтемақыға қол жеткізе алмай жүр екен. Үкімді оқыған сот жәбірленушілердің арызына көңіл аудармады дейді.

Айтбек Рысбек, 1-топ мүгедегі: «Міне, мынаның барлығы жарылыстың кесірінен болған. Жарықшақ мынаның бәрі. Басымның өзін 27 жерден тіккен. Сот маған ештеңе шығарған жоқ. Зардап шегуші не дегендердің ешқайсысына көңіл бөлген жоқ. Текотталатындарға үкім шығарды болды. Сол үкіммен қайттық. Осы уақытқа дейін бөлмеген, ары қарайды бөлмейді ау».

Сотталушылар арасында әскери қойманың командирі мен орынбасары да бар. Оларға «Жарылыс қаупi бар нысандарда қауiпсiздiк қағидаларын бұзу», «Немқұрайлық» баптары бойынша айыптар тағылған. Сот істе «мемлекеттік құпияға байланысты деректер бар» болғандықтан жабық өтті.

Еске салайық, 2019 жылдың 24 маусымында Арыстағы әскери бөлімде оқ-дәрі қоймасы жарылып, соның салдарынан төрт адам қаза тапқан еді.

Олардың екеуі – әскери, біреуі – тұрғын, ал бір бала эвакуациялау кезінде жол апатынан қайтыс болған. Жарылыс салдарынан қаладағы мыңдаған үй зақымданды. Қалада төтенше жағдай жарияланып, тұрғындар шұғыл түрде Шымкент қаласы мен өзге аудандарға эвакуацияланды.

Олжас Айдарбек