Қазығұрт ауданы Еңбекші ауылының жұрты тіршілік нәріне жарымай отыр. Айтуларынша, су құбыры тартылса да одан су келмейді. Амалдың жоғынан ішінде құрты бар құдық суын тасып ішуге мәжбүр.

Бұл мәселені шенеуніктерге айтып шаршаған екен. Ақ жағалылар ауылға келсе, құбырдан су біршама уақыт атқылап, кейін қайта тоқтап қалатын көрінеді. Кезекті рет бас көтерген халықпен тілшіміз кездесіп қайтты.

Қазығұрт ауданы Еңбекші ауылының тұрғындары ауыз суға зар болып отыр. Су құбыры 10 жыл бұрын тартылса да жаз мезгілі келген уақытта су жетпейді екен. Алғашқы 2 жыл ғана 4 мезгіл үздіксіз су ішкен, одан кейін жылда қайталанатын жағдай осы деп ашынады тұрғындар. Бір қызығы халық бір бас көтеріп шуласа, су белгілі бір уақыт келе қалады екен.

Дариға Балтаева, Еңбекші ауданының тұрғыны:  «Әу баста құбыр жүрді шәпкімізді басымызға лақтырып қуандық. Бір-екі жыл ғана таза су іштік, сонымен болды бітті жоқ су. Жаз келсе әсіресе тура судың керек кезінде су құрып қалады.  Бір-екі күн үйге ау келіп қалады. Сонда жоқ су болса ол қалай келеді? Осы уақытқа дейін Меккеден әкелетін уақыт болды суды. Халықтың осындай жан-айқайын естіген, халыққа деген жаны ашитын адам болса Меккеден болсын, жеті қат жердің астынан қазып, Үкімет қаржысын аяп жатқан жоқ. Теледидардан күнде естіп жатырмыз бәлен млн суға, пәлен жолға бөлінді деп. Бірақ сол млндар кәні?».

Тұрғындар қазір суды құдықтан ішіп отыр. Балалар 40 градус ыстықта тіршілік нәрін есекпен тасыйды. Құдық суында құрт болса да, амалдың жоғынан шөлдерін қандыратынын айтады. Оның өзі жетпей, түс қайта суға талас басталады екен.

Тұрғындар су құбыр арқылы бұлақтан келеді дейді. Бірақ ауылға келгенше бай-бағландардың қорасына су тартылған екен. Оны олар төрт түлік малына беретін көрінеді. Жұрт болса мал түгілі адамға су таппай отырғандарын айтады.

Ербол Отаев, Еңбекші ауданының тұрғыны:
«Ақбурадан Еңбекші елдімекеніне тартылған құбырдан бай-манаптар, прокуроры, әкімі бар солардың қоралары су тартып алған. Олар малдарына су береді. Ал мұнда халыққа су жетпей жатыр. Оның бәрін тексеру керек заңды ма, әлде жоқ па?».

Халыққа жетпейтін су құбыры бернеше жерінен жарылған. Жиналған жұрт ол бір айға жуық уақыт жөнделмей жатыр дейді. Ауыз суға жарымай жатқанда жарықтардан су далаға ағуда деп ашынады. Тек түсірілім тобы келгеннен кейін ғана бір сағаттан кейін арнайы техника келіп құбыр тесілген жерді қаза бастады.

» Осы уақытқа дейін айтылмаған адам жоқ бұл жерде. Ауылдың әкімдігіне барлығына шағымданған бірақ ешқандай жауап болмағаннан кейін барып телевидение келгеннен кейін барып 1 сағаттың ішінде тындырып жатыр барлық істі» дейді жұрт.

Халық жиналған жерге Қазығұрт ауданы әкімінің орынбасары келді. Сөзінше, ауылдың бір жартысына 5 сағат, келесі күні екінші жартысына 5 сағат су кезекпен беріліп отыр. Ал, тіршілік нәрінің жетіпеушілігі су дебетінің төмендеуінен дейді. Бұл құбылыс соңғы 3 жылдан бері байқалған екен.

Тайбек Қалымбетов, Қазығұрт ауданы әкімінің орынбасары: «Оның бәріне қазір түгендеу жұмыстарын жүргізіп жатырмыз. Тұтынушы мен су беруші мекеме арасындағы келісім шарттарды өзім көтердім. Ол жерде мен мал басқа дегенге келіспеймін. Ол жер 15-тік трубамен ауыз суға тұтынуға алғаны рас. Ал, қалған авария болып жатыр, басқа деп дер кезінде бітпей жатыр деп. Бұл күнделікті «Тазасу» мекемесінің тіршілігі апат орын алады, 2-3 күнде қалпына келіп жатады. Түсіністікпен қарап, суды беріп жатқан жағдайымыз бар. Ал, ауылдың жылдап, бір ай су ішпеді дегенге мен келіспеймін. Ондайды бүгінге дейін естіген жоқпын, бүгін естіп отырмын».

Жауаптылар Еңбекші ауылын үздіксіз сумен қамту үшін жұмыстар жүріп жатқанын айтты. Қазір арнайы жер телімі сатып алыныпты. Онда екі үлкен резервуарлар қойылады екен. Аудандық бюджеттен қаржы бөлініп, келесі жылдың соңына дейін тұрғындар таза, үздіксіз ауыз сумен қамтылады деп сендірді атқамінерлер.