Шымкентте былтыр ғана баспаналы болған халық ауыз сусыз отыр. Нью Сити тұрғын үй кешенінде су құбыры жарылып, тіпті жертөлені көлдетіп кеткен. Көлік қоятын автотұрақта орын жоқ, балалар алаңқайында мүлдем жағдай жасалмаған деп ашынды тұрғындар.
Жауаптылар бұл мәселені ағымдағы жылдың сәуір айында шешеміз деп сендірген екен. Ал қараша халық олардың тағы да құрғақ уәдеден әрі аса алмай отырғанын айтады.
Шымкентте өткен жылы ғана қолданысқа берілген Нью-Сити тұрғын үй кешеніндегілер ауыз судан тапшылық көріп отыр. Бар-жоғы 15 күн ішінде су құбыры 7 рет жарылып, жертөлені көлдетіп кеткен. Тұрғындар күннің аптап ыстық кезінде тіршілік көзінен зарығып отырғанын айтады.
Сандуғаш Сермұрзаева, NEW CITY тұрғын үй кешенінің тұрғыны: «Біз 1 аптадан бері ауыз сусыз отырмыз. Себебі, біз де дәл қазір күнде су құбыры жарылып жатыр. Кеше ғана менің үйімнің алдында жарылды. Есіктің алдын тас-талқан қылып кетті де, азанда тұрсақ міне, 9/11 алды жарылып жатыр. Ауыз сусыз қараңыздаршы, міне қанша бала, кішкентай балаларымыз бар, 40 градус ыстықта біз ауыз сусыз қиналып отырмыз».
Ал бірер күн алдын ауладағы су құбыры жарылыпты. Салдарынан тұрғындар балшық-лай кешіп жүруге мәжбүрміз дейді. Ата-аналар қоршау қойылмаған құбыр жанындағы люкке балаларымыз түсіп кетсе, бұл жауапкершілікті кім мойнына алады деп жан ұшырды.
Темір тұлпарды тізгіндеген тұрғындар да көлшікке батып, діттеген жеріне бара алмай отырмыз дейді.
Ньюситиліктердің айтуынша, ондағы проблема мұнымен бітпейді. Айтуларынша, балалар алаңқайы талапқа сай салынбаған. Барлығы қит етсе құлайтындай аса қауіпті жағдайда тұр дейді олар.
Ұлбала Сақтағанова, Шымкент қаласының тұрғыны:» Балабақша алаңында дұрыс жағдай жасалмаған. Өткенде қызым осы жерде басы жарылды. Қазір аяғымен ақсаңдап жүре алмай жатыр. Е жарық жоқ, е жағдай жоқ мүлдем бала-шағаға. Бүгін менің балам болса, ертең басқаның баласында болуы мүмкін бұл жағдай».
Тұрғындар автотұрақ мәселесі де өзекті екенін айтты. Жедел жәрдем қызметі келсе, ішке кіре алмайды. Ал қалалық құрылыс басқармасындағылар тұрғындардың бұл түйткілдерінен хабардармыз дейді. Мердігерлерге тиісті тапсырмалар да жүктелген екен.
Бағлан Күздібаев, Шымкент қалалық құрылыс басқармасы басшысының орынбасары: «Судың қысымы көтеріліп кеткен, содан судың трубасы жарылған. Сөйтіп оны жарылғаннан кейін мердігер мекемеге тапсырма беріліп, жөнделіп қайтадан қосылды. Тапсырма берілді» Бек Стройға», ол жерде олар картасын бастаған екен. Оларға 4 қабатты,6 қабатты 2 проектісі бар екен. Балалар алаңшасы негізі жоба бойынша орнатылған. Тұрғындардың өтініші бойынша қосымша материал қарастырып бер деп жатыр».
Жауаптылар тұрғындардың барлық талап-өтініштері орындалады деп сендірді. Ал қала әкімінің орынбасары Мәулен Айманбетов тұрғындарға бұл мәселердің шешілуін өзі жіті назарда ұстайтындығын жеткізді.