Өмірзақ Шөкеев: «Ауыл әкімдерінің сайлауы ашық өтті»

95

Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев ауыл әкімдерінің сайлауына қатысқан барша азаматтарға өз алғысын білдірді. Бұл туралы аймақ басшысы әкімдіктің аппарат отырысында айтты.

Саяси доданың ешбір шағымсыз, таза өткенін сөз еткен өңір әкімі аудан басшыларының да жұмысын оң бағалады. Сайлау кезінде сайлау комиссияларының іс-әрекеттері туралы арыз-шағымдар түспеді.

Өмірзақ Шөкеев, Түркістан облысының әкімі: «Өте табысты өтті деп санаймын, бәрі таза. Бәсекелестік өте жоғары болды. Бізде енді басқа облыстарға қарағанда бәсекелестік жоғары болады ғой. Аудан әкімдері дұрыс жұмыс істеді… Барша азаматтарға белсенді түрде қатысқан, жаңағы ұйымдастыру жұмыстарын жақсы, жоғары деңгейде өткізген барлық қызметкерге алғысымды білдіремін».

Айта кетейік, күні кеше өткен ауыл әкімдерінің сайлауында Түркістан облысы бойынша ең көп дауысты Сарыағаш ауданындағы Жібек жолы ауыл округінен түскен кандидат алды. Оған 8 839 сайлаушы дауыс берген.