Шымкенттегі «Ынтымақ» шағынауданының тұрғындары 10 жылдан бері судың жоқтығына наразы. Уәде беріп, оны орындамай келе жатқан жергілікті билікке сенуден қалғандарын айтады.
Ал атқарылып жатқан жұмыстарды таныстырмақ болған шенеуніктер шулаған жұртты сабырға шақырып әлек болды. Әбден ашынған тұрғындардың жанайқайы келесі бейнесюжетте.
Шымкенттегі «Ынтымақ» шағынауданының тұрғындары өркениеттен жұрдаймыз дейді. Өйткені тіршілік көзі — суға зар болып отыр. Осы аумаққа қарасты Абай ауданының әкімішілігі жұртшылықты жинап, жасалып жатқан жұмыстарды түсіндірмек болды.
Аппақ шатыр құрып, шағынаудан сызбасын да дайындапты. Алайда, тұрғындар болса әбден уәдеге тойдық деп ашынды.
Жазира Рүстемова, «Ынтымақ» шағынауданының тұрғыны: «Мен 2012-ден бері тұрамын осы ауданда, сол уақыттан бері су жоқ. Мен су көрген емеспін. Наурыз айында бітіріп береміз суды деді. Карталарын алып келіп көрсете береді. Тамыз айында деді. Енді келіп қараша-желтоқсан айы деп жазып қойыпты. Мынау схеманы көрсетіп жатыр. Үнемі осы картаны көрсетеді. Мына картаны жаттап алдық. Қанша жыл болды».
Атқарылып жатқан жұмыстарды таныстыруға келген шенеуніктер тұрғындарды сабырға шақырды. Айтуларынша, бәрі дайын, тек уақыт керек.
Бұхарбай Парманов, Абай ауданының әкімі: «Енді азғантай уақыт керек, апа. Басқа ешқандай мүмкіншілік жоқ. Уақыт керек бізге. Біз сіздерге ақша жоқ, жоба жоқ деп айтып жатқан жоқпыз. Оған дейін айттық жобалық — сметалық құжат жоқ дедік, істедік. Қаржы жоқ дедік, оны алып келдік. Енді уақыт керек, уақыт жетпей жатыр. Айналайындар, дұрыс түсініңіздер. Біз осының бәрін көрмей жүр дейсіздер ме? Бәрін көріп отырмыз халықтың қандай жағдайда екенін…».
Тұрғындар ауыз суға аптасына бір рет қолымыз жетеді дейді. Тіршілік нәрі әкімшілік тарапынан су таситын көлікпен тегін жіберіледі екен. Оны олар резервуарларға және үйіндегі бар ыдыс-аяғына толтырып алады. Бір отбасыға аптасына 400 литр ауыз су беріледі. Алайда, тұрғындар мұны түкке жетпейді дейді. Ал, жаз айларында тұрып қалған суды пайдалану мүмкін емес деп отыр. Мөлшерін көбейтуді сұрап жергілікті билікке де жүгінген. Бірақ олардан нәтиже шықпапты.
Марат Мусилтаев, «Ынтымақ» шағынауданының тұрғыны: «Әкімшіліктен келді. Біз сөйлестік, қосымша су бермесе болмайды, қазір шілде айы. Жаздың үш айына керек, берулерің керек деп едік болды береміз деді. Су береміз деді. Бір күн алып келді. Жексенбі күні алып келді. Бейнекамераға түсірді әкімшіліктің қызметкерлері. Көрдіңіздер ме сенбі, жексенбіге қарамай қосымша су беріп жатыр. «Әкімшілікке рақмет», деп бізді камераға түсіртіп алып кетті, болды одан кейін келмеді. Келеміз деп сөз беріп кеткен-тін, хабарластық телефондарын көтермейді».
Байтұрсыновтар отбасы әзер тұрғызған үйіміздің шатырынан бір пәсте айырылып қалдық дейді. Себебі 7 шілде күні құрылысы аяқталмаған үйдің шатыры жанған. Оны өшіруге мүмкіндік болмапты. Себебі тілсіз жаудың жалынын басатын су табылмаған. 6 балалы отбасы бүлінген үйді қалай қалпына келтірерімізді білмейміз деп дал.
Құралай Байтұрсынова, «Ынтымақ» шағынауданының тұрғыны: «Мына біздің үйіміз жанды. Сол кезде жан-жақтан өшіретін бір тамшы су таппадық, бір шелек су таппадық мына жерге. Осы жерде су болғанда менің үйімді алып қалар еді. Өрт сөндірушілер келемін дегенше жанып бітті төбесі».
Шенеуніктер судың осы уақытқа дейін берілмегенін қаржының кеш бөлінгенімен түсіндіреді. Енді су жүйесіне тиісті қаражат бөлінген, қараша айының соңына дейін «Ынтымақ» шағынауданын 100 пайыз ауыз сумен қамтылады деп сендірді жауаптылар.
Олжас Айдарбек