Шымкентте қауын, қарбыз саудасы қызып тұр. Қазіргі уақытта сауда орталықтарында бұл өнім келісі 100 теңгеден саудалануда. Алайда қарбызды шамадан тыс тұтыну адам денсаулығы үшін қауіпті. Құрамында дәрумендерге толы бақша өнімін кімдер тұтынбаған абзал? Бұл жөнінде дәрігерлер не дейді? 

Базар бойлап сатылып жатқан мына қарбыздар көздің жауын алады. Шілденің шіліңгір ыстығында бұл өнімнің маңызы арта түседі. А, В6 және С дәрумендерге, сондай-ақ антиоксидант және аминокислота секілді пайдалы компоненттерге бай. Тіпті оның дәні де өте құнарлы. Өйткені ол нәрлі заттармен байытылған. Ішінде минералды тұз, темір және магний бар.

Қарбыздың құрамы 90% судан тұратындықтан, ол шөлді жақсы басады және де аштық сезімін де баса алады. Дегенмен бұл қарбызды барлық жанға тұтынуға болады деген сөз емес.

Әсем Құрманғалиева, гастроэнтеролог дәрігер: «Қант диабетімен ауыратын, әсіресе 2 типтік қант диабетімен ауыратын, одан кейін бүйрек тас аурулары және бүйрек жетіспеушілігі бар адамдарға қарбызды қолдануды шектеу қажет.
Қарбыздың құрамындағы көмірсу ол – қант. Былай айтқанда 100 гр қарбызды 1-2 шәй қасық көлемінде қант бар деген сөз. Сондықтан бұл медициналық тілмен айтқанда гликемиялық профиль жоғы деп есептелетін болғандықтан, қандағы қант құрамын тез көбейетеді».

Бұл сауда орталығына келген бақша дақылдарын, көкөніс, жеміс-жидек пен ет өнімдерін тексеретін токсикологиялық зертхана. Сатылымға шығатын әрбір өнім жіті бақылаудан өтеді. Арнайы құрылғымен тексерілетін өнімдер стандартқа сай болуы тиіс дейді мамандар.

Мәселен, үш рет сынамадан өткен қарбыздың орташа мөлшері 60-тан аспауы керек.

Саттар Кашкенов, токсиколог дәрігер:
«Базардағы түскен өнімдердің барлығын тексереміз. Сағат 8:40-та бітеміз. Барлығына анықтама таратамыз. Жаңа өзіңіз көргендей қарбыздың нормасы 40/50/90 шықты. Жалпы мөлшері 60 болды. Ал қауын 90 шықты. Бұл деген жеуге жарамды деген сөз».

Табиғи жағдайда піскен қарбыз үшін оңтайлы салмақ 5-8 келі. Сондай-ақ дәрігерлер бұл өнімді 200-300 грамнан күннің бірінші бөлігінде жеген дұрыс деген пікірде. Ал бұл сатып алушының көзіне қай қарбызға түседі екен?

СЭС мамандарының айтуынша, соңғы мониторинг жүргізу барысында жалпы саны 156 өнімнен сынама алыныпты. Оның ішінде 43 бақша өнімі, яғни қауын-қарбыз құрамында нитраты көп болып, жеуге жарамсыз болып табылып, сатылымға жіберілмеген. Айта кетейік, бүгінгі таңда Шымкентте қарбыздың келісі 100 теңгеден саудалануда.

                                                    Камила Есенғали