Шымкентте ковид жұқтырушылар саны артып, эпидахуал жағдайы тұрақсыз. Бұл туралы і Шымкент қаласы әкімінің бірінші орынбасары Шыңғыс Мұқан мәлімдеді
Журналистермен кездесу барысында шенеунік Нұр-Сұлтан және Шымкент қалаларында, Қарағанды және Атырау облыстарында қосымша шектеулер енгізілгенін түсіндірді. Мәселен, комиссия шешімімен жұмыс күндері кәсіпкерлік нысандарының жұмыс уақыты қысқартылады.
Ал демалыс күндері жұмысы мүлдем тоқтатылатын болады.
Айта кетейік, бүгін, 15 шілдеде еліміздің бас санитарлық дәрігерінің жаңа қаулысы шықты. Құжатта «Қызыл» аймақтағы өңірлерде карантиндік шараларды күшейтудің тұтас бір қатары жазылған. Бұл тізімге Шымкент қаласы да еніп отыр.
Қаулыға сәйкес, демалыс күндері үшінші мегаполисте толық локдаун енгізіледі.
«Қалааралық, облыс ішінде автобус және шағын автобус тасымалдары тоқтатылады (Ashyq қосымшасын қоспағанда).
Жабық жағажайлар, аквапарктер мен аттракциондардың қызметі тоқтатылады. Сондай-ақ: қоғамдық көлік, ойын сауық орталықтары және сауда үйлері, спорт нысандары, қоғамдық тамақтану орындары, фудкорттар, фитнес пен йога-орталықтар, сауналар, моншалар, СПА-орталықтар, бассейндер, кинотеатрлар, театрлар, концерт залдары, филармония, цирк, ашық және жабық базарлар, компьютерлік клубтар, боулингтер, бильярд, караоке, түнгі клубтар, білім беру орталықтары, балалар мен ересектерге арналған үйірмелер, балалар ойын-сауық орталықтары, банктер, халыққа қызмет көрсету орталығы, Қазпочта және діни объектілерн жұмыс істемейді».
Жұмыс күндері үшін де шектеулер бар. Балалардың ойын-сауық орталықтарының, сауда үйлерінің, сауда желілерінің, ашық және жабық базарлардың, қоғамдық тамақтану орындарының, фудкорттардың, фитнес-орталықтардың, сауналардың, СПА-орталықтардың, спорт объектілерінің, бассейндер мен кинотеатрлардың қызметі 17.00-ге дейін шектелген. Сондай-ақ вакцинацияның жаңа мерзімдері де белгіленген.
Локдаунға қарамастан Шымкентте шекара жабылмайды! Жергілікті шенеуніктердің айтуынша, қаладағы эпидемиологиялық жағдай күрделі, бірақ бақылауда. Вирус жұқтырған адамдар үшін дәрі-дәрмектер де, төсек-орындар да жеткілікті. Наразы кәсіпкерлер мен қоғамдық тамақтандыру қызметкерлеріне әкімдік түсіністікпен қарап, күте тұруды сұрайды!
Әлихан Файзханов