Шымкентте көліктерді жалға алып, оңай олжаға батып келгендер ұсталды. Мегаполистің төрт тұрғыны кезек-кезек екі ай бойы автомобильдерді жалға алып, олардың бөлшектерін, яғни, катализаторын шешіп алып отырған.
Бұл бөлшектің жаңасының бағасы бір миллион теңгеден астам тұрады. Ал ұсталғандар оны интернет арқылы 250 мың теңгеден сатып отырған.
Автоорталықтың директоры күдіктілердің әр түрлі машиналарды жиі жалдайтынын байқап, GPS-навигаторының көмегімен олардың бірін бақылапты. Бұл кезде күдіктілердің бірі 15-ші көлікті жалға алған екен. Автоорталықтың басшысы клиенттің соңынан еріп, оның қылмыс жасап жатқан сәтін көріп, дереу полицияға жүгінген.
Күдіктілер қамауға алынды. Автокөлікті жалға алу орталығына жалпы сомасы 15 миллион теңге құрайтын шығын келтірілген.
Спандияр Зайнидин, тергеуші: «Полиция қызметкерлерімен жүргізілген жедел-іздестіру іс-шараларының нәтижесінде осы қылмысқа қатысты бес азамат анықталып, Полиция басқармасына жеткізілді. Аталған факт бойынша төрт азаматқа қатысты ҚР ҚК-нің 188-бабы 4-бөлігінің 3-тармағымен, бір азаматқа қатысты ҚР ҚК-нің 188-бабы 3-бөлігінің 1-тармағымен қылмыстық іс тіркелді».
Әлихан Файзханов