Шымкенттегі жаңа шағынаудандарда саябақтар жоқ…

162

Бүгін Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтеновтің төрағалығымен қаланы көріктендіру және жасыл желекті күтіп ұстау мәселесіне арналған жиын өтті.

Күн тәртібіне қойылған мәселе бойынша Шымкент қаласының қалалық жайлы ортаны дамыту басқармасының басшысы Ғ.Ильясовтың баяндамасы тыңдалды.
Басқарма басшысы берген мәліметке сәйкес, қала аумағында 8 саябақ, 39 гүлзар мен аллея, 50 ескерткіш күтімге алынған. Басқарма теңгеріміндегі жасыл желектер көлемі 152 гектарды құраса, оның 115 гектары саябақ аймақтарына тиесілі. Сондай-ақ, қаладағы 37 субұрқақ пен 44 ұңғыманы күтіп-ұстау міндеттері де осы басқармаға жүктелген.

Басқарманың осы салада атқарып жатқан жұмыстарын баяндаған Ғ.Ильясов, жұмыс тиімділігін арттыруға бағытталған бірқатар ұсыныстарын жеткізді.
Салада атқарылып жатқан жұмыстарды мұқият тыңдаған қала басшысы М.Әйтенов, парктер мен скверлер тұрғындарға мейлінше қолайлы болуы керектігіне назар аударды. Мұнда кіші сәулеттік пішіндер қойылып, жасыл желек қорын сауықтыру, жаңарту жұмыстары жүйелі түрде атқарылу керектігін айтты. Субұрқақтардың күзгі, қысқы кезеңдерде консервациялау тәртібін қатаң сақтауды, көктемгі және жазғы кезеңдерде олардың жұмыс істеу регламентін нақты бекітуді тапсырды. Субұрқақтардың электр құрылғыларының қауіпсіз болуын тұрақты қадағалауда ұстап, оларға жауапты тұлғалардың міндеттемелерін белгілеуді жүктеді.

Қала әкімі саябақтардың барлығы дерлік қаланың ескі орталығында қалып отырғандығын назарға алды. Құрылыс қарқын алып жатқан жаңа шағын аудандарда саябақтар мен аллеялар құрылысын жүргізу, жасыл желек қорын қалыптастыру керектігін айтты. Ол үшін осы салаға жауап беретін негізгі мекеме – қалалық жайлы ортаны дамыту басқармасы урбанистика саласы мен жергілікті ғалымдарды кеңінен тарта отырып, қаланы абаттандырудың салалық стратегиясын жасауы керек деді.
Абаттандыру стратегиясында қаланың жасыл желек қорының бүгінгі ахуалы толық зерделеніп, барлық аумақтарды теңдей көгалдандырудың кешені қалыптастырылмақ. Оның ішінде жаңадан салынған шағын аудандарда саябақтар мен скверлер, аллеялар салу, тұрғын үй аулаларында тал егу, көгалдарға суару жүйесін орнату, жасыл желекті күтіп-ұстау міндеттемелерін бөлу сынды мәселелер қамтылатын болады.

Қаланың жасыл желек қорына жүйелі қамқорлықты қалыптастыратын бұл құжат, көгалдандыру жұмыстарын жүргізудің жаңа тұжырымдамасын бекітіп, қала көшелеріне ыстық ауа райына бейім келетін көпжылдық гүлдер тұқымын отырғызу, мазарат аймақтарын күтіп-ұстау талаптарын қамтитын болады.

Қала басшысының талабы бойынша, қалада бос, топырағы шығып жатқан жерлер болмауы керек. Көпқабатты тұрғын үй аулаларын абаттандыруда «асфальт, аяқжол төсемелері және көгал» ұстанымы басшылыққа алынып, тұрғын үйлердің қас беттері жарықтандырылуы тиіс, аулаларда қолайлы орындықтар, қоқыс жәшіктері қойылып, балалар ойын алаңшалары болуы керек.

Қала орталығынан шалғайда жатқан аумақтарды абаттандыруды назарға алған шаһар басшысы, сай-салаларда егілген көгалды аумақтарды кәдеге жаратудың тиімді жолдарын белгілеуді тапсырды. Құрылыс қалдықтарын жойып, экологияны сауықтыру бойынша пәрменді жұмыстар атқаруды жүктеді.

Қаланы абаттандыру талаптары қалалық мәслихат шешімімен бекітілген Ережеде қамтылғандығын айтқан Мұрат Дүйсенбекұлы, аудан әкімдері осы талаптардың орындалуын күнделікті бақылауы керектігін айтты. Айналаның тазалығына жауапкершілікті арттыру жөнінде коммерциялық нысан иелері және мердігер ұйымдар арасында нақты жауапкершілік міндеттемелерін бөліп, бекітіп беруді тапсырды. Мердігер ұйымдарда мониторинг және бақылау құрылымдары ашылып, атқарылған жұмыстарға бақылау жүйесі күшейетін болады. Бұл өз кезегінде қаланы абаттандыру және санитарлық тазалығын сақтау саласындағы жұмыстарды жүйелендіруге ықпал етеді.

Тұрғындар арасында тазалыққа жанашырлық танымын қалыптастыру үшін кешенді ақпарат-насихат жұмыстарын жүргізу жүктелді. Жиында қаладағы абаттандыру жұмыстарының тиімділігін арттыру, жасыл желектің өнімділігін бақылау мақсатында осы саладағы жұмыстарды автоматтандыру мәселесі де айтылды. Бұл бағытта саябақтар мен аллеяларға бейнебақылау камералары қойылып, бірыңғай ақпараттық дерекқор түзілмек және оған тиісті салалық басқармалар мен аудан әкімдіктері қосылмақ.

Жиында көтерілген осы міндеттердің барлығы Шымкент қаласын абаттандырудың жаңа тұжырымдамасында қамтылатын болады. Қала басшысы қала үшін маңызы зор бұл құжат жобасын биылғы тамыз айында ұсынуды тапсырды.