Қазақстандық спортшы Дубайдағы бокс рингінде еліміздің абыройын асқақтатты. 25 жастағы Фариза Шолтай Азия чемпионатында жеңіске жетіп, алтын медаль иеленді.

Шымкенттік бойжеткен Дубайда өткен Азия чемпионатында алтын жүлдегер атанды. Фариза Шолтай – «Динамо» қоғамының мүшесі. Боксшы қыз жеңіске жету – қандай жағдайда да үлкен құлшыныс пен серпіліс сыйлайтынын айтады.

Фариза Шолтай, әйелдер боксынан халықаралық дәрежедегі спорт шебері: «Мен 8 жылдан бері бокспен айналысып келемін. Енді міне 2021 жылы Азия чемпионатының жеңімпазы атандым. Азия алтыны, әрине, Олимпиада жүлдесі емес. Дегенмен, мен үшін бұл да үлкен жетістіктердің бастамасы деп білемін. Спортшы алдымен Азияны, содан кейін әлемді, әрмен қарай Олимпиаданы армандауы керек. Сонда ғана армандар орындалады деген сенім мен мақсат пайда болады».

Шымкенттік жеңімпаз боксшыларының үлгі тұтар басты тұлғасы Рахманбек Арғымбаев та Фаризаның табандылығына дән риза. Оның айтуынша, боксшы қыз әрдайым басқа спортшылардан өзінің майталмандылығымен ерекшеленеді екен. Және бокс федерациясында оқытылатын арнайы техниканың арқасында рингте жеңіске жете алғанын алға тартады.

Айта кетейік, спортшылар барлық жарыстарға «Динамо» спорт кешені базасында машықтанып, дайындалады.

Рахманбек Арғымбаев, Шымкент Бокс федерациясының атқарушы директоры: «Біз федерацияны 10 жыл бойы басқарып келеміз. Осы уақыт аралығында федерация 3 рет жылдың ең үздік федерациясы атанды. Ұйым мен қалалық спорт басқармасы және бапкерлердің қоян-қолтық үйлесімді жұмыс істеуі – Азия чемпионатының алтын медалі сынды жеңістерге жеткізіп отыр. Қоржынымызға осындай жеңістер түскен сәттегі мақтаныш сезімін тіпті сөзбен жеткізу мүмкін емес. Мен өзім де бапкермін. Сәйкесінше, бұл еңбектің, сенім мен үміттің құнын жақсы ұғамын».

Жас чемпион енді Әлем чемпионатында ең жоғары жеңіс тұғырына ие болуды жоспарлап отыр. Фаризаның айтуынша, ол 2021 жылдың қазан айында өтетін додаға дайындықты бастап кеткен. Спортшының көздегені мұнымен шектелмейді. Өйткені Әлем чемпионатында Олимпиада лицензиясын жеңіп алуға, одан кейін Олимпиадаға қатысып,жеңіс тұғырынан көріну мүмкіндігі туатынын айтады.

Ақмарал Айтбаева