Субұрқақта шомылған балалардың ата-анасына айыппұл салынады

568

Субұрқақта шомылған балалардың ата-анасы жауапкершілікке тартылады. Жыл басынан бері 12 тұрғынға хаттама толтырылып, ескерту жасалған. Егер тағы да қайталанса, 2 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл салынады. Фонтандар электр жүйелері арқылы жұмыс істейтіндіктен адам өміріне қауіпті дейді мамандар. Сондықтан шомылу маусымында тексеруді күшейтіп, түсіндірме жұмыстарын жиілеткен көрінеді.

Жаз мезгілі – шомылу маусымы. Алайда күн ыстық деп субұрқаққа түсуге болмайды. Себебі, ол адам өміріне қауіпті.

Естеріңізге сала кетсек, осыдан бірнеше уақыт бұрын Алматыда үш адамды фонтандағы тоқ соғып еді. Абырой болғанда сол маңайда жүрген тұрғын оларды құтқарып, аман қалған.

Үшінші мегаполисте де балалардың субұрқақта шомылып жүргенін жиі байқаймыз. Сала жауаптылары ескерту тақтайшаларын іліп, тексеру жұмыстарын жүргізіп жатырмыз дейді. Бірақ, мұны тоқтату қиынға соғып жатқанын жасырмады.

Дархан Тұрғанбай, Шымкент қалалық жайлы ортаны дамыту басқармасының бөлім басшысы: «Жасөспірім балдарды тоқтату қиынға соғып отыр. Ол бойынша біз полицияға және басқа да құзырлы жерлердің барлығына арнайы хаттар жазылған. Дегенмен де балдарды тоқтату қиын. Мысалыға, балдарды субұрқақтан шығарып жіберсек, біз немесе полиция кеткеннен кейін қайтып келіп шомылу жағдайлары орын алып жатыр. Оны жасырмаймыз».

Дегенмен субұрқаққа түскен балалардың ата-анасына әкімшілік құқық бұзушылық кодексінің 364 бабында жауапкершілік көзделген.

Шомылу маусымы басталғалы бері шымкенттік 12 ата-анаға ескерту жасалыпты. Тағы да қайталанған жағдайда балаларының суда шомылғаны үшін олар 2 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл арқалайды. Бұл шамамен 6 мың теңге көлемінде.

Сондай-ақ полиция қызметкерлерінің сөзінше қадағалау жұмыстарын күшейткеннің арқасында қайғылы жағдай тіркелмепті.

Данабай Әлиев, Шымкент қаласы ПД жергілікті полиция қызметі басқармасының бөлім бастығы: «Шомылу маусымы басталысымен полиция қызметкерлері мына су айдындары, мына фонтандардың аумақтарында нарядтарды күшейтіп, қызметкерлерді сол жерге жұмылдырғанбыз. Полиция қызметкерлері тұрғындар мен қонақтарға түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, мына пропогандалық жұмыстар жүргізу нәтижесінде ағымдағы жылы мына су айдындарында немесе мынау фонтандарда жасөспірім, үлкен адамдардың қаза болу фактілері тіркелген жоқ».

Шымкент тұрғындарының субұрқаққа деген көзқарасы оң болғанымен, балаларымызды шомылдыруға қорқамыз дейді кейбірі. Ал енді бірі фонтанды да халыққа қауіпсіз етуін қалайды.

Субұрқақтар электр жүйелері арқылы қосылған. Яғни, бұл кез-келген жағдайда тоқ ұру қаупі бар екенін аңғартады. Сол себепті мамандар фонтанға мейлінше түспеуге кеңес береді. Тіпті, аяқ пен қолды да батыруға болмайды дейді.

                                      Мөлдір Ибадуллаева