Түркістан облысы коронавирустық инфекцияның таралу қарқыны бойынша «сары» аймаққа енді. Осыған орай облыстың бас мемлекеттік санитариялық дәрігерінің жаңа қаулысы шығып, карантиндік шектеулер күшейтілді.
Түркістан облысында ауруханаға түскендердің басым бөлігі вирусты той-томалақ пен жиындарда жұқтырған дейді ақ халаттылар. Осыған байланысты өңір басшысы Өмірзақ Шөкеев аудан және қала әкімдеріне тікелей тапсырма беріп індет өршіп тұрған уақытта той мен жиынды тоқтату керектегін ескертті. Және мобилді топтар жұмысын күшейту керек екенін айтты.
Өмірзақ Шөкеев, Түркістан облысының әкімі: «Әкімдер, тойханалардың барлығын тікелей бақылауға алыңдар. Бүкіл тойханаларды, ауыл-ауылды аралап шығыңдар. Қандай тойлар болып жатыр. Бәрін тарқатыңдар. Сосын күнде есебін алып тұрыңдар. Қай жерде қандай той болып жатыр?».
Жаңа қаулыға сәйкес облыста карантиндік шектеу күшейтілді. Сенбі, жексенбі күндері қоғамдық көліктер мен тамақтану орындары, ашық және жабық базарлар жұмысын тоқтатады. Сұлулық салондары мен демалыс орындарының қызметіне де шектеу қойылады. Қаулы 22 шілде сағат 00:00-ден бастап күшіне енеді.
Айта кетейік, облыс бойынша 511 334 адам вакцинаның бірінші компонентін қабылдаған. Ал, екінші компонентін салдырғандар саны 312 424 адамға жетті. Ал облыстың бас дәрігерінің айтуынша дәрі-дәрмек қоры жеткілікті екен.
Марат Пашимов, Түркістан облысы қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы: «Дәрі-дәрмек бойынша ешқандай мәселе жоқ. 2-2,5 айға жеткілікті. Өткен жылы Туркиядан әкелген заттар да бар».
Бүгінде облыс көлемінде 128 егу пункті, 14 ПТР-зертхана, зертхана жұмыс істейді. Қазіргі таңда аймақта 2020 инфекциялық, 300 карантиндік және 315 реанимациялық төсек — орын бар.
Мөлдір Ибадуллаева