Бүгін тәуелсіз Қазақстанның тарихында тұңғыш рет ауыл әкімдерінің сайлауы өтіп жатыр. Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасын қоғам жылы қабылдап, оң бағасын берді.
Ел болашағы болып саналатын жастардан бастап, еңкейге қарияға дейін жауапты науқанда белсенділік танытуда. Облыс бойынша таң атпай келіп дауыс бергендердің бірі арыстық қария болып отыр.
Арыс қаласы, Монтайтас ауылындағы №20 сайлау часкесінде дауыс берген ауылдың ең жасы үлкен ақсақалы жауапты науқаннан тысқары қалмағанына бек қуанулы. 86 жастағы Үсіпбек Сапарбеков ақсақал сайлаушыларға ақ батасын берді. Сонымен бірге Арыс қаласы, Байырқұм ауылының ардагерлер кеңесінің төрағасы Жасан Сахов бұл сайлаудың ауыл өміріне тікелей әсер ететінін айтып, саяси додаға жоғары бағасын берді. Өз таңдауын жасап, азаматтарға сәттілік тіледі.
Сондай-ақ, Түркістан облысы, Сайрам ауданында да сайлаушылардың белсенділігі жоғары. Құтарыс ауылдық округінде таңғы 8.20-ға дейін 112 адам дауыс беріп үлгерген. Ең алғашқы 5 сайлаушыға сыйлықтар үлестірілген.
Өңірдегі 16 аумақтан жалпы саны 166 үміткер тіркеліп, саяси доданың үгіт-насихат кезеңін жүргізді. Оның ішінде ең көп кандидат ұсынған «Nur Otan» партиясы. Жетекші партиядан 47 үміткер қатысып жатыр. Ал жалпы Түркістан өңірінде халық саны 2 049 681 адам болса, оның 1 160 196-сы дауыс беруге құқылы.
Ал ауыл әкімдері сайлауы бойынша Түркістан облысындағы учаскелер саны – 241. Осы учаскелерде 265 146 адам өз таңдауын жасайды. Сайлау учаскелерінде карантин талаптары сақталған. Саяси доданың әділ өтуін арнайы бақылаушылар бақылап отыр.