Түркістан: Жалған медициналық құжат сатқан үш тұрғын ұсталды

473

Түркістан облысында жалған медициналық құжаттарды жасап, сатты деген күдікпен үш адам ұсталды. Ішкі істер министрлігінің өкілі Шұғыла Берікқызының мәліметінше, ұсталғандардың арасында Сарыағаш аудандық аурухана қызметкері де бар.

Қолдан жасалған құжат «COVID-19» індетінің өршіп тұрғанына қарамастан медициналық мекеменің шақыруымен келемін деген желеу арқылы Қазақстанның аумағына өтуге рұқсат үшін жасалынған екен.

Шұғыла Берікқызы, ІІМ өкілі: «Министрліктің Тергеу департаментіне қарасты әскери тергеу басқармасы Түркістан облысында жалған медициналық құжаттар жасаған 3 азаматты ұстады. Олардың арасында Сарыағаш аудандық ауруханасының медбикесі де бар. Анықталғандай ұсталғандар қазақстандық медицина мекемелерінің атынан жалған түрде ем алуға шақырту құжатын әзірлеген және оны 3-8 мың теңге аралығындағы бағаға сатқан. Қолдан жасалған құжат медициналық мекеменің шақыруымен келемін деген желеу арқылы Қазақстанның аумағына өтуге рұқсат үшін жасалған. Күдіктінің тұрғылықты жері мен жұмыс орны бойынша тінту жүргізу барысында сатуға дайындалған алдын ала қойылған мөрлері бар 1 266 медициналық бланк тәркіленді».

Қазіргі таңда Қылмыстық кодекстің 385-бабы, яғни «жалған құжаттарды қолдан жасау, дайындау немесе өткізу» бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде.

Осы ретте еліміздің Ішкі істер министрлігі жалған құжат әзірлегені үшін азаматтар 4 жылға дейін бас бостандығынан айрылатынын және оны пайдаланғаны үшін 40 күнге дейін қамауға алынатынын ескертеді.