Түркістан қаласында 39 жастағы Дилхумар Юсупова үш бірдей ұл босанды. Дүние есігін №3 Облыстық перениталдық орталығында ашқан нәрестелерге Хасан, Хусан мен Мухаммад есімдері берілген.
Үшем дүниеге келген отбасының төрт қызы мен екі ұлы бар. Енді Дилхумар 9 бірдей баланың анасы атанып отыр. Көпбалалы ана үй шаруасында отырған әйел. Ал, отағасы қарапайым жұмысшы. Мерзімінен ерте туылған үшем перзентхана дәрігерлерінің бақылауына алынған.
Дилхумар Юсупова, көпбалалы ана: «24 маусым күні үшемді дүниеге алып келдім. Қазір жағдайым жақсы дәрігерлердің арқасында. Алғысым шексіз. 32 аптасында босандым. Үйде 6 бала шағам бар. Қазір барлығы 9 перзентім бар».
Бүгінде сәбилер салмақ қосып, денсаулығы жақсарған. Жалпы, Түркістан облысында жыл басынан бері алтыншы үшем дүниеге келді. Әзірге үшемдердің қашан шығатыны белгісіз дейді дәрігерлер.
Айта кетейік, былтыр № 3 облыстық перениталдық орталығында 10 мыңға жуық сәби өмірге келген. Ал жыл басынан бері мұнда 6 мың нәресте дүние есігін ашқан.