Жиделібайсын көшесі кеңейтілмек…

138

Шымкенттегі көлік жүргізушілері мен жолаушылар назарына маңызды ақпарат! Енді Бекжан базарынан мал базарына қарай жол жүретіндер кептелісте ұзақ тұруына тура келеді . Өйткені, аталған жолда құрылыс жұмыстары басталды.

Ұзынсонар кептелістер және көліктердің үнемі соқтығысуы Шымкенттегі Жиделібайсын көшесінен басталып Темірлан тас жолы бойымен Шардара көшесіне дейін қалыпты жағдайға айналмақ. Өйткені, жолаушылар көлігі басқармасы мұнда жолдарды жөндеу жұмыстарын бастады. Жауаптылар сөзінше, жол салу жұмыстары 2022 жылға дейін жалғасады.

Жүк көлігінің жүргізушісі: «Енді біз күнде жүрген есебі қоқыс артып кетіп жатырмыз. 1,5 сағат жүріп шығамыз, қоқыс полигонына барып келемін дегенше 3 сағат уақыт кетеді. Одан ары қарай бізді күтіп отырады. Амал жоқ, күтеміз. Шығармайды мыналар бізді. Жолдың ахуалы міне, 1 аптадан асып кетті».

Өмір Қалыбаев, Шымкент қаласы жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының бөлім басшысы:  » Біздің А-2 автомобиль жолымыз бар. Ол Алматы-Ташкент бағытында Шымкент қаласын айналып өтетін үлкен магистральді жолдардың бірі. Қазіргі таңда жыл өте келе көліктердің саны көбейіп, жолдың санаттық өткізгіштігі көліктердің көбеюіне сай келмейді. Соған байланысты, Шымкент қаласының бас жоспарына сәйкес біз ол жолды реконструкциядан өткізгелі отырмыз».

Қазір мұнда жолды кеңейту жұмыстары жүріп жатыр. Жоспар бойынша алты жолақты жол салынады деп күтілуде. Үш жолағы бір бағытта, қалған үшеуі соған қарама-қарсы бағытта жүргізілетін болады.

Әлихан Файзханов