Шымкентте карантиндік шектеулерді елемейтіндер әлі де тыйылмай тұр. Қала тұрғындарының басым бөлігі дастархан жайып, қонақ шақыруды қояр емес. Ал ақ халаттылардың айтуынша, думанды отырыстардан кейін ауруханаға ауыр жағдайда түсіп жатқан науқастар саны артуда. Мониторингтік топ күн сайын заң бұзушылықтарды анықтап, айыппұл салып келеді. Бірақ бұл да халыққа тосқауыл бола алмай жатыр.
Бұл тойхананың есігін ашу үшін арнайы мамандарды шақыруға тура келді. Мониторинг топ өкілдері ішке кіргені сол ал ондағылар бір-біріне тілек айтып жатыр.
Жан сақтау бөлімі. Ал бұл жаппай мереке ұйымдастырудың салдары. Реанимация бөлімінің дәрігерлері күндіз -түні науқастар мен жауапсыз адамдардың өмірі үшін күресіп жатыр.
Ал бұл тойханада иелері есікті өздері ашты. Сөздерінше, бұл заң бұзушылық емес. Карантиндік шектеулер бар кезінде құрылыс жұмыстарын жүргізуді жөн санапты.
Әл -Фараби ауданының әкімі кезекті рейдке шықты. Бүгін ешқандай заң бұзушылық байқалмады. Көптеген тойханалар жабық тұр. Мониторингтік топ тек мейрамханаларды ғана емес, сонымен қатар сауда орталықтары мен кафелерді де тексереді.
Рашид Мыңбаев, Әл -Фараби ауданының әкімі: «Жыл басынан бері 31 172 обекті тексерілген. Оның 442-не кемшіліктерге байланысты айыппұл салынған. Жалпы жыл басынан бері салынған айыппұл 31 млн.- нан астам соманы құрайды».
Соңғы күндері коронавирус жұқтырғандардың саны азайды. Алайда, мониториг тобы тексеру жұмыстарын тоқтатпаймыз деп отыр. Себебі эпидахуалды ушықтырып алмауымыз керек. Ал тәртіп бұзушылар айыппұл арқалайды, егер ескерту мен айыппұлды елемеген мекемелер болса, сот шешімімен уақытша жабылады.
Мөлдір Ибадуллаева