Елімізде жыл басынан бері 7 180 жол-көлік оқиғасы тіркелген. Оның 60-тан астамы кәмелет жасына толмаған балалардың кінәсінен орын алған
Балалардың қауіпсіздігі қашан да өзекті болуы тиіс деген Ішкі істер министрлігіндегілер осы мақсатта түрлі іс-шаралар өткізуді қолға алып отырғанын жеткізді. Сондай-ақ,погондылар әлеуметтік желі алаяқтары да көбейіп жатқанын айтып, дабыл қағып отыр.
Ағымдағы жылдың жеті айында елімізде кәмелет жасына толмаған балалардың кінәсінен 60-тан астам жол көлік оқиғасы орын алған. Салдарынан бес бала қайтыс болып, 70 жасөспірім түрлі жарақат алған.
Осылай деген Әкімшілік полиция комитетінің төрағасы Жандос Мұратәлиев жәбірленушілердің жартысынан көбі жолаушы екенін атап өтті. Ал, жалпы жыл басынан бері Қазақстанда 7 180 көлік оқиғасы орын алып, 90 бала қаза тапқан. Балалардың қауіпсіздігі қашан да өзекті болуы тиіс деген ол ведомста түрлі іс-шаралар өткізуді қолға алып отырғанын жеткізді.
Жандос Мұратәлиев, ҚР ІІМ Әкімшілік полиция комитетінің төрағасы:
«Балалардың жол көлік жарақатының мәселесіне жұртшылық назарын аудару үшін жүйелі түрде түрлі профилактикалық іс-шаралар да өткізіліп тұрады. Мысалы айтатын болсақ, «Қауіпсіз мектеп», «Назар аударыңыздар, балалар», «Назар аударыңыздар, жаяу жүргінші». Ата-аналар балалардың өміріне қамқорлық жасаңыздар. Жолда абай болыңыздар. Тағы да басқа шаралар өткізіледі».
Биыл мектептердің дәстүрлі форматта оқитынын ескерткен тәртіп сақшылары білім беру ұйымдарының алдында полиция жасақтарының артатынын да мәлімдеді.
Ал жолға жақын орналасқан білім беру ұйымдарының аумағына 4 мыңнан астам тексеру жүргізіліп, 2000-нан кемшіліктерді жою бойынша нұсқама беріліпті.
Жандос Мұратәлиев, ҚР ІІМ Әкімшілік полиция комитетінің төрағасы:
«Жолға жақын орналасқан білім беру мекемелерінің аумағына 4 мыңнан астам тексеру жұмыстары жүргізілді. Тексеру нәтижелері бойынша анықталған кемшіліктерді жою үшін уәкілетті мекемелерге 2 мыңға жуық нұсқама берілді. Қазіргі уақытта 3 612 мектептің жанында жаяу жүргінші өткелдері бар, 2 473 мектептің жанында жасанды кедергілер орналастырған, ал 2 300-ге жуық мектеп жанында жаяу жүргіншілерге арналған лабиринт тектес қоршаулар орнатылған».
Арнайы баспасөз брифингі кезінде ведомства өкілдері өткен аптада орын алған қылмыстар туралы дерекпен де бөлісті. Елімізде бір апта ішінде 3370 қылмыстық іс тіркеліпті. Оның 6-уы кісі өлтіру, 14-і өлімге әкеп соққан денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіру, 3-уі қарақшылық, 40-ы тонау және 496-сы бөтен мүлікті ұрлау.
Сондай-ақ, 7 күн ішінде ақпараттық технологияларды қолдану арқылы жасалған 270 қылмыс тіркелді дейді министрліктегілер. Оның 230-ы интернет қолданушыларға қарсы алаяқтық, алтауы технологияларды қолдану арқылы ұрлық жасау, төртеуі ақпаратқа заңсыз қол жеткізгісі келген азаматтар екен. Ал, 30- ы қылмыстың басқа түрі дейді сала жауаптылары.
Нұрділдә Ораз, ҚР ІМ ресми өкілі:
«Мониторинг барысында 664 заңсыз ресурс анықталды. Жалпы жыл басынан бері Ішкі істер органдарында интернет алаяқтықтың 13 мыңнан аса фактісі тіркелді. Олардың 5 мыңы алаяқтардың онлайн сауда алаңдары мен веб сайттарда орналастырылған жалған жарнамалар. 2000 факті бойынша алаяқтар азаматтардың жеке мәліметтерін заңсыз иемденіп, оларға онлайн несие рәсімдеген».
Ал мобильді банкинг арқылы азаматтардың жеке деректерімен карточкалық шоттарының деректемелерін алу арқылы мыңнан астам алаяқтық жасалынған дейді Ішкі істер министрлігіндегілер.
Мөлдір Ибадуллаева