Шымкентте атаулы әлеуметтік көмек алушылардың отбасыларына дәрі-дәрмек қобдишасы таратылуда. Алғашында 30 000-нан аса отбасыға қобдиша үлестіру жоспарланған екен. Алайда медициналық қажеттіліктердің таратыла бастағанына бір айға жуық уақыт болса да оны алушылар саны енді 12 мыңнан асып отыр. Ал кей тұрғындар дәрі-дәрмек пен тегін таратылатын азық-түліктің сапасына риза емес екендіктерін жеткізді. Бірақ тегін болған соң алуға мәжбүрміз дейді.

6 баланың анасы Рухия Ильязова 3 жылдан бері атаулы әлеуметтік көмекті алады екен. Айтуынша, ай сайын азық-түлік, тоқсан сайын үйге қажетті заттар да беріледі. Бірақ олардың сапасы көңіл көншітерлік емес дейді көпбалалы ана. Тек тегін көмек болған соң алып жатқандарын айтады.

Рухия Ильязова, тұрғын: «Өкімет азық түлік беріп жатыр. Оған да рақмет, енді тегін алып жатырмыз ғой. Кашаларының енді турасын айтсам іші көгеріп кеткен, сүттерінің іштері іріп кеткен. Енді тегін беріп жатқан соң алып жатырмыз. Енді сол кашаның орнына жейтін заттар қосса. Мынау карантинге байланысты дәрі дәрмек таратып жатыр.Мен өзім азық алуға барғанда есітіп, келіп алып кетіп жатырмын. Әлі ішін ашпадым көреміз енді».

Сала жауаптыларының азық-түлікке қатысты мәселеден хабары бар екен. Бұған дейін де тұрғындар бірнеше рет шағымданған көрінеді. Осы ретте олар азық-түліктің жарамдылық мерзімі өткен немесе бұзылған болса, қайта келіп алмастырып кетуіне болады дейді.

Айта кетейік, Шымкентте ағымдағы жылдың 16 шілдесінен бастап атаулы әлеуметтік көмек алушы отбасыларға дәрі-дәрмек қобдишасы тегін таратыла бастаған болатын. Қобдишада 100 дана медициналық бетперде, антисептик, термометр және дәрі-дәрмектер бар. Бірақ, осы мерзімнен бері шаһардағы атаулы әлеуметтік көмек алатын 30 000-нан аса жанұяның тек 12 000-ы ғана, яғни 40 пайызы тегін берілетін медициналық қажеттіліктерді алып үлгерген көрінеді. Сала жауаптылары оған препараттың шетелден әкелінуі себеп болуы мүмкін деп топшылап отыр.

Куаныш Аханов, Халықты жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасы басшысы орынбасарының міндетін атқарушы: «Бұл жерде менің ойымша күмән тудыруда. Яғни, мұнда шетелден келген дәрі-дәрмек қобдишалары. Алайда бұл жерде атап кететін бір жайт, бұл денсаулық сақтау министрлігімен қауіпсіздігі туралы олармен де қолдаған болатын. Сондықтан да бұл жерде ешқандай күмән жоқ. Олардың да жарамдылығы. Олар шынымен де аурудың алдын алу бойынша дәрі-дәрмектер қауіпсіздік стандартына сәйкес келеді. Сондықтан да ешқандай күмән жоқ алып кетуге болады».

Сала жауаптылары қалада тегін дәрі-дәрмек қобдишасы әлі де үлестеріліп жатқанын айтады. Ол үшін атаулы әлеуметтік көмек алатын отбасы мүшесінің тек жеке куәлігі болса жеткілікті. Қобдишалар шаһардағы «Грамад» сауда үйлерінде таратылуда.

Мөлдір Ибадуллаева