«Ashyq» жобасының адал қатысушыларына демалыс күндері жұмыс істеуге рұқсат беру керек. Бұл туралы Үкімет отырысында «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы басқарма төрағасының бірінші орынбасары Нариман Әбілшайықов ұсынды.
Сондай-ақ, ол жобаға қосылу процесі жеңілдегенін айтты. Яғни, QR кодты алу мерзімі 9 күннен 10 минутқа дейін қысқарған. Осының арқасында жүйеге кіргендердің саны едәуір артыпты. Жобаға енуде Шымкент қаласы белсенділік танытып отыр екен.
Нариман Әбілшайықов, «Атамекен» ҰКП басқарма төрағасының бірінші орынбасары: «Ashyq» жобасының адал қатысушыларын ынталандыру мақсатында оларға демалыс күндері жұмыс істеуге рұқсат етуді сұраймыз. «Қоңыр-қызыл» аймақта бастапқыда сенбі күні сағат 22.00-ге дейін, ал «Ashyq» жобасының көшбасшыларына сағат 24:00-ге дейін жұмыс істеуге рұқсат етуді ұсынамыз».
Осы жылдың 29 шілдесінен бастап жобаға қосылатындар үшін QR кодты алу тәртібі жеңілдетіліп, процестер автоматтандырылды. Нәтижесінде, мерзімі 9 күннен 10 минутқа дейін қысқартылды. Бұрын 3 ай ішінде жобаға аптасына 1000-ға жуық субъект қосылса, қазір олардың саны 100 мыңға дейін өсті. Осылайша, 2 апта ішінде бұл 5 есеге артты. Жобаға қосылуда Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалалары, Қарағанды және Атырау облыстары белсенділік танытып отыр.
Сонымен қатар, Ұлттық кәсіпкерлер палатасының өкілі «Ashyq» талаптарына бағынбаған субъектілер жобадан уақытша шығарылатынын жеткізді. Себебі олар QR алғанымен, келушілерді тіркемегендер. Оның айтуынша, Бас мемлекеттік санитар дәрігердің қаулысына сәйкес, аутсайдерлер алғашқы кезде 1 аптаға, қайталанған жағдайда 2 аптаға және 3-ші бұзушылық анықталған жағдайда 1 ай мерзімге жобадан шығарылады.
Бұл талап кәсіпкерлер жобаға қайта кірген кезде келушілерді шынайы түрде тіркеуге бағыттайды дейді жауаптылар.
Олжас Айдарбек