«Домалақ ана» операсы елордаға аттанды

130
Фото Серік Қосаев

Шымкент қалалық опера және балет театрының ұжымы гастрольдік сапарға аттанды. Үшінші мегаполис өнерпаздары Нұр-Сұлтан қаласының төрінде «Домалақ ана» операсын сахналамақ.

Жерлестерімізді сапарға шығарып салуға Шымкент қаласы әкімінің бірінші орынбасары Шыңғыс Мұқан және қалалық мәдениет басқармасының басшылары қатысты. Шыңғыс Жұмабекұлы қаламызда мәдениет саласына баса назар аударылып жатқанын айтты.

– Шымкент қаласының опера және балет театрында үлкен өзгерістер орын алып жатқанына өздеріңіз де куәсіздер. Әлемге танымал Майра Мұхамедқызы қаламызға келген соң екі айдың ішінде «Домалақ ана» операсын сахналап шықты. Енді сол қойылыммен Елордаға аттанғалы отырсыздар. Жолдарыңыз болсын! Бұл сапар еліміздің Конституциясы күні мерекесімен қатар келіп отыр. Алдағы он жылдың ішінде Шымкенттің мәдениет саласының шоқтығы бұдан да биікке көтеріледі деп сенеміз. Себебі, қала әкімі Мұрат Әйтеновтың бастамасымен Шымкентте арнайы опера залы салынады деп жоспарланып отыр, – деді Шыңғыс Жұмабекұлы.

Опера және балет театрының директоры Майра Мұхамедқызының айтуынша, пандемияға байланысты екі жылдан бергі алғашқы сапарға ұжым тыңғылықты дайындалған. Нұр-Сұлтан қаласына театрдың 170-ке жуық қызметкері аттанса, елордадан 50-ге жуық маман мен арнайы аспаптармен қосылып, «Домалақ ана» операсы нақышына келтіріп орындалмақ. Сапар алдында театрдың бас суретшісі Бақтыбай Күзембаев сәтті сапар тілеп, бата берді.

Нұрлан Бектаев