Елімізде күн сайын бес қабатты үйде тұратын халық санына тең адам қайтыс болып жатыр

72

Қазақстанда күн сайын бес қабатты үйде тұратын халыққа тең адам жерленіп жатыр. Осылай деген жоғары санатты инфекционист дәрігер Сәуле Атығаева індеттен күн сайын көз жұмғандардың көбейіп жатқанын айтады.

Оның сөзінше, елімізде 1 тәулік ішінде 150-ге жуық адам қайтыс болған. Сондай-ақ, ол вакцина алып, қайта вирус жұқтырғандардың көбі антидене қалыптаспай жатып вирусқа тап келгендер екенін түсіндірді.

Елімізде күн сайын бес қабатты үйде тұратын халық санына тең адам қайтыс болып жатыр. Жоғары санатты инфекционист дәрігер Сәуле Атығаева 1 тәулік ішінде 150-ге жуық адам індеттен көз жұмғанын айтады. Айтуынша, олардың бәрі екпе қабылдамаған. Бұлай жалғаса берсе, 1 күнде 1 ауыл халқынан айырылып қалуымыз мүмкін.

Сәуле Атығаева, жоғары санатты инфекционист, дәрігер: «Соңғы айда, стационарлық көмекке деген қажеттілік айтарлықтай өскен кезде, елордада күн сайын 300-ден астам адам ауруханаға жатқызылды. Олардың 10-15 % реанимацияға түсті. Күн сайын бірнеше адамнан айырылып отырдық. Бүгінгі статистика да оңып тұрған жоқ. Бір тәулікте Қазақстан бойынша коронавирус инфекциясы расталған 149 адам қайтыс болды. Олардың бәрі вакцина алмаған. 149 адам дегеніңіз бес қабатты, төрт подъезді үйдің тұрғын саныман шамалас. Бір тәулікте тұтас бір тұрғын үйдің адамы қайтыс болды деген сөз. Бұлай кете берсе, әлі бір күнде бір ауылдан, кейін бір шағынауданның халқына тең адамнан айырылуымыз мүмкін».

Сондай-ақ, маман вакцина алып, қайта коронавирус жұқтырғандардың өкпесі неге жиі зақымданатыны жайлы сұраққа жауап берді. Сөзінше, індетпен тағы ауырғандардың көбі антидене қалыптаспай жатып вирусқа тап келгендер екен. Бірақ олардың стационарда емделу мерзімі де екпе алмағандарға қарағанда әлдеқайда қысқа екенін алға тартты.

Сәуле Атығаева, жоғары санатты инфекционист дәрігер: «Шынында да, науқастар арасында вакцина алғандар бар. Әзірге олардың үлесі өте төмен. Стационарға түскендер тіпті, саусақпен санарлық. Вакцинациядан кейін науқастар вирусты орташа, ауыр өткізеді. Өкпенің зақымдануы да минималды – 4, 5, 10 % ғана. Олардың реанимацияға түспегенін де айту керек. Егер вакцина алғаннан кейін екі-үш апта ішінде ағзаға вирус түссе, инфекция өршуі мүмкін. Вирус шырышты қабықтардан өкпе тініне, сол арқылы басқа органдар мен жүйелерге енуі ықтимал».

Бұдан өзге инфекционист дәрігер Сәуле Атығаева коронавирус құрбандары «жасарып» бара жатқанын да алға тартты. Реанимацияға түскендердің арасында тіпті жасқа толмаған сәбилердің бар екенін айтады.

Сәуле Атығаева, жоғары санатты инфекционист дәрігер: «Елордада бір жасқа дейінгі, балабақша жасындағы балалар реанимацияға, өкпені жасанды желдету аппараттарына түсіп жатыр. Біз 60-тан асқан науқастардың көз жұматынына бой үйрете бастаған сияқтымыз. Қазір 20-25 жастағы науқастар да реанимация төсегінен тұрмай қалып жатыр. Бұл өте қорқынышты, әсіресе балалар қауіпке душар».

Ал еліміздің профилактикалық академиясының президенті Алмаз Шарман карантин режимі қандай жағдайда жеңілдетілетінін мәлімдеді. Айтуынша, елде вакцина алғандар үлесі 80% жеткенше карантинді жеңілдетуге болмайды.

Алмаз Шарман, Профилактикалық медицина академиясының президенті: «Карантин шараларын жеңілдетсе, вакцинация процесі жаңа, вакцинаға төзімді нұсқалардың, яғни жұғу қаупі жоғары коронавирус штамдарының пайда болуына әкелуі мүмкін. Вирус тиімді вакциналар пайда болғанда селекциялық қысымға икемделеді. Бұдан шығатын қорытынды, азаматтардың басым көпшілігі шамамен 80% вакцина алғанға дейін карантиндік шараларды әлсіретуге болмайды».

Мамандар ревакцинацияға қатысты да өз ойларымен бөлісті. Сөздерінше, елдегі ғылыми орта да бұл мәселені талқылап жатыр. Ал Израиль халықтың 60-тан асқан санатын қайта вакциналау туралы шешім қабылдаған.