Қазығұрт пен Төлеби аудандарындағы 18 елдімекен тұрғындары ауыз су тапшылығын сезінуде. Қараша халық оған «Шымкентцемент» компаниясының кінәсінен деп отыр.
Айтуларынша, алып компания осы маңнан карьер қазу арқылы шикізат көзін алады екен. Осылай деген тұрғындар карьерді жабуды талап етті. Алайда ірі кәсіпорынды ғалымдар жақтап отыр. Ал компания басшылығы бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі аясында су мәселесін шешуге дайын екендіктерін мәлімдеді.
Ақбастау ауылындағы карьерлерді өңдеу елдімекендегі судың деңгейіне әсер етпейді. Мұндай мәлімдемені белгілі қазақстандық ғалымдар жасады. Геология-минералогия ғылымдарының докторы, профессор Беген Есімовтың пайымдауынша, карьердегі өңдеудің салдарынан ауыл ағайындарының үйлерінде судың деңгейі төмендеді деген сөздер негізсіз.
Техника ғылымдарының докторы, профессор Бақытжан Таймасов әріптесінің сөзін құптап отыр. Айтуынша, карьердегі шағын көлемдегі суды тек техникалық мақсатта пайдалануға болады. Осылайша ғалымдар пікірі бір жерден шығып отыр. Себебі карьерден келер залал жоқ.
«Шымкентцемент» АҚ кәсіпорны карьерде өңдеу жұмыстарын өткен ғасырдың 50 жылдары бастаған болатын. Тек бірнеше жылдан кейін ол маңға жақын жерде ауыл пайда болыпты. Жылдар өте ауыл тұрғындары карьер — су тапшылығын тудырды деп мәлімдеген. Алайда тұрғылықты халықтың шағымдары бойынша жүргізілген тексерулер, карьердің жер асты сулары деңгейінің төмендеуіне ешқандай әсері жоқтығын дәлелдеген.
Ендігі мәселе әкімдікке тікелей байланысты. Қажетті құжаттар тапсырыла сала кәсіпорын ауылдарды сумен қамту бойынша ауқымды жобаны жүзеге асыруға кіріседі. «Шымкентцемент» АҚ бас директорының айтуынша, ауылда зауыттың қызметкерлері және карьерді өңдеу жұмыстарына тартылған мамандар тұрады. Сонымен қатар, кәсіпорын ынтымақтастыққа, әсіресе тұрғылықты халықты қолдауға қашан да ашықпыз деп отыр.
Збигнев Шишка, «Шымкентцемент»АҚ бас директоры: «Қызметкерлердің көпшілігі карьерде жұмыс істейтіндер- жақын ауылдардың тұрғындары. Карьердегі тастар цемент өндірісінде ғана емес көктемдегі су тасқыны кезінде Бадам өзенінің жағалауын бекітуге және де тұрғылықты халықтың қажетілігі үшін де пайдаланылады. Мысалы, біз су тасқынынан зардап шеккендерге үй салуға цементті тегін бердік. Соңғы 3 жылда «Шымкентцемент» АҚ 30 млн көлемінде демеушілік көмек жасады».
Зерттеулердің нәтижесі бойынша ауыл ағайындарының үйінде су деңгейінің төмендеуіне кінәлі емес кәсіпорын, сумен қамту жоба жұмыстарын әкімдік жылдың соңына дейін аяқтайтынына сенімді. Олай болса, жұмыстар 2022 жылдың басында басталады.
Шынар Оразова