Шымкенттің әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы ауадан ақша жасауды үйренген сияқты. Кәсіпкерлер палатасында бизнесмендер шаһардың әлеуметтік кәсіпкерілк корпорациясы инвестклиматты бұзып, кәсіпкерлерге шартты жұмыстар ұсынып жатқаны жайлы айтты.

Барлық шағымдарға корпорация біз коммерциялық ұйымбыз деп жауап беретін көрінеді. Алайда бір ескеретін жәйт, Әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы -Акционерлік қоғам, 100 пайыз құрылтайшысы Шымкент қаласы әкімдігінің кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық даму басқармасы.

Шоқан Баймұхамедов: «Менің пікірім, «ӘКК – бұл бизнес -жобаларды құртатын мүлде қажет емес мекеме».

Қазақстанға белгілі реаниматолог Шоқан Баймұхамедов 2013 жылдан бері Шымкентте заманауи оңалту орталығын ашқысы келіп жүр. Бірақ барлығы жер учаскесіне келіп тіреледі екен. Биыл мәселе қаралғанымен, Әлеуметтік Кәсіпкерлік корпорациясының жалға алатын жер үшін қойылған есеп-сомасы кәсіпкерді таң қалдырыпты.

Шоқан Баймұхамедов, кәсіпкер: «Менің жобам бойынша Әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы жарты гектар жерді арендаға алу құқығымын – 5 жылға 600 мыңнан астам қаржыға сатып алды. Ал енді корпорация жалға алу құқығымен осы жерді маған 11 млн. теңгеге сатпақ. Бұл бір жарым мыңнан астам пайыз. Мен түсінбеймін, Әлеуметтік кәсіпкерлік корпорация не үшін қажет? Әрине, корпорация табыс табу керек. Бірақ неліктен мемлекет жобаға берген құқығын, монополиялық құқығын пайдалана отырып осындай табысқа кенелу керек?».

Бір жарым мың пайыз, бұл қайдан алынған? Белгілі болғаны Шымкент әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы жер телімдерін әкімдіктен кадастырлық құны бойынша алады екен.

Владимир Накисбаев, кәсіпкерлердің құқығын қорғау және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл кеңесінің мүшесі: «Ең басты сұрақ, неге Әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы жоба үшін жер учаскесін әкімдіктен кадастырлық құнының 10 пайызымен алады – 637 мың 700 теңгеге, ал инвесторға тек арендасына нарық бағасымен, одан 1 жарым мың пайыз есебінде табыс көреді. Мұны қай заң реттеген? Қандай актімен? Сонда инвестор тек жерді арендаға алу құқығы үшін 10 млн. 700 теңге одан бөлек аталған сомадан 5 пайыз, яғни 500 мың теңге әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясына төлеуі тиіс. Сонымен қатар корпорацияға 637 мың теңге құжатты рәсімдеу, мемлекеттік акт алу сияқты шығындарын өтеуі тиіс. Ең соңында Әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы келісімшарт жасамайды екен. Ал неге деген сұраққа? Мүмкін екі жылда заңнама өзгереді, не сатып алу құқығы алынып тасталады деген жауап беруде».

Кәсіпкердің ресми өкілі тағы бір қызық жәйт жайлы мәлімдеді. Ол корпорацияның тағы бір әрекеті логикаға келмейді дейді: «Нысанның құрылысын аяқтағанда оған барлық инженерлік коммуникацияларды инвестордың өзі тартуы тиіс екен. Бұл қандай заңда жазылған? Және қандай ережемен бекітілген? Суды, газды, электр энергиясын. 2012 жылы қабылданған Заң бойынша инвестициялық жобаны жүзеге асыру үшін жергілікті әкімдік тарапынан әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясына бөлінген жер инфрақұрылыммен қамтылуы тиіс».

Ал, Әлеуметтік -кәсіпкерлік корпорациясындағылар біз коммерциялық ұйымбыз деп, сондықтан жерді нарық құнымен жалға беруге құқығымыз бар деп қысқа қайырады екен.

Алайда корпорациясының құрылтайшысы – жергілікті әкімдік. Белгілі болғаны әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы әкімдіктен мыңнан астам жер учаскелерін алған. Осы тұрғыда заңды сұрақ туындайды – қаржы қайда?

Владимир Накисбаев: «Бір жарым жылда 283 учаске нарық бағасымен үлестірілген. 102 жер учаскесі- сауда дүңгіршектерін, 15 жер учаскесі көпқабатты үйлерді салуға, 7 учаске-емхана, 11 учаске мектептің құрылысына. Осыдан түскен қаржы -табыс қайда кетті? Мемлекеттік бюджетке ме, әлде қала қазынасына ма?».

Әлеуметтік -кәсіпкерлік корпорация өкілдерінен түсінікті жауап ала алмаған кәсіпкерлік палатасындағылар корпорация қызметін прокуратура және сыбайлас жемқорлыққа қарсы агенттікпен тексеруді ұсыну жөнінде шешім қабылдады.

Сонымен қатар Кәсіпкерлер палатасының төрағасы Тимур Құлыбаевтың төрағалығымен өтетін президиумда Әлеуметтік -кәсіпкерлік корпорацияның жұмысы қаралуы жөнінде хабарлама жіберілетін болды. Кәсіпкерлердің өңірлік кеңесінің пікірінше, корпорация мұндай әрекетімен бизнесті даму мүмкіндігінен айырып отыр.

Шынар Оразова