Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев жаңадан сайланған ауылдық округ әкімдерімен кездесті. Облыс басшысы халық таңдауынан шыққан жаңа әкімдерді сайлаудағы жеңістерімен құттықтап, алдағы мақсат-міндеттерін айқындап берді.
Өмірзақ Шөкеев, Түркістан облысының әкімі: «Мынау сайланған лауазымдарыңыз өте жауапты. Сайлау өтті, енді тірлікке кірісу керек. Халықпен етене араласып, мұңды жағдайын біліп, біріншіден ауылдық округ деген не ол? Бірінші ол әлеуметтік нысандар, мектептер, аурухана, мәдениет ошақтары солардың жағдайын қарау керек. Ремонт жасайтындарын ремонт жасауға, кейбір жетіспей жатқан мектептер болса, мектептерді салуға, спорт кешендерін салуға соған кірісу керек».
Сондай-ақ, облыс әкімі пайдаланылмай жатқан жерлерді заң аясында мемлекеттік меншікке қайтару бойынша жұмыстарды жүргізуді жүктеді. Тұрғындардың сұраныстарын ескере отырып, жеке тұрғын үй салуға, шаруа қожалықтарының жұмысына жерлер бөлу, ортақ жайылымдық жер телімдері мәселелелерін шешуді тапсырды.
Өмірзақ Шөкеев, Түркістан облысының әкімі:» Әрбір ауыл, кент, ауылдық округ бойынша өзекті мәселерді талдау жасап, картасын әзірлеу керек. Оның ішінде басымдыққа ие жобаларды нақтылап, шешу жолдары бойынша ұсыныстар керек. Ауылда ауыл шаруашылығын жасайтын толық мүмкіншілік бар бізде. Жерлерді реттеу керек. Заңсыз салынған иелері сол алып пайдаланбай жатқан жерлерді қайтару керек. Жайылым мәселелерін шешу керек. Сосын егістіктің жаңа тәсілдерін қолдану керек».
Әлихан Файзханов