Қазақстанда көлік ішінде музыканы қатты дауыспен тыңдайтын жол қозғалысы қатысушыларына айыппұл салу ұсынылды. Бұндай әнсүйерлерді енді видеоға түсіріп, полиция қызметкерлеріне жіберуге болады. Алайда, жауаптылар оларды қандай бап бойынша жауапкершілікке тартатынын, шу деңгейі қалай тексерілетінін нақтылаған жоқ.
Шымкенттік жоғары сапалы автодыбысты ұнататындардың айтуынша, олар автокөліктеріне қатты дыбыс шығаратын сабвуферлер мен динамиктер қойса да, әннің дыбысын барынша қатты қойып жүрмейді. Бірақ айналасындағылардың тыныштығын бұзатындар да бар.
Сыртынан қарасаң ерекшеленбейтін 1985 жылғы бұл Ford Scorpio музыкалық құралдарға толы. Ішінде құны 2 миллион теңгеге жуық сабвуферлер, динамиктер және басқа да жабдықтар бар. Бұлардан шыққан дыбыс, бүтін бір шағын ауданға естілуі мүмкін. Автокөліктегі дыбыс қысымы шамамен 150 децибелге тең.
Бірақ дыбыс құралдарымен сәнделген көлік иелері бұған үйреніп қалған және олар дыбыс деңгейін көтеруден қорықпайды. Жүргізуші Юрий Микрополоның айтуынша, мұндай дыбыс күшейткіштері көбінесе сайыс үшін орнатылады, онда көлік жүргізушілері қай көліктегі автодыбыстың қатты шығатынын анықтайды.
Юрий Микрополо, автоәуесқой: «Бұл көптеген адамдар үшін тек хобби, жоғары сапалы қатты дыбысты тыңдағанды ұнататын музыка әуесқойлары. Кейбіреулері сайыс үшін орнатады. Менің ойымша тыныш аудандарда және түнгі уақытта музыканы қатты дыбыспен қою бұл басқа адамдарды құрметтемеу».
Бірақ өзгелердің тыныштығын бұзатындар да бар. Тұрғындар көліктердегі қатты музыканың дыбысы тіпті пластикалық терезелер арқылы да естілетінін айтып шағымданады. Салдарынан жүргізушілер күндіз балаларды оятып, түнде ұйықтауға мұрша бермейді. Оған қоса басқа жүргізушілерге де кедергі жасайды
«Біз туннельдің жанында тұрамыз және ол жақтан музыканың дауысы қатты естіледі. Бұған шыдай мүмкін емес. Айтыңызшы, не істеу керек? Бұл — біздің менталитет.
Бұл сұмдық, жол полициясы қызметкерлерінің не қарап жүргенін білмеймін. Жүргізушілерді хабардар ету керек немесе куәлік алатын кезде ненің болатын, ненің болмайтынын қосу керек. Заңға енгізу қажет», дейді қала тұрғындары.
Ішкі істер министрлігінде өткен брифингте көлікте қатты дыбыста музыканы қосуға болмайтыны ескертілді. Погондылар бағынбайтындарды анықтау үшін, әнсүйерлерді видеоға түсіруге шақырды. Алайда, ондайларды қандай бап бойынша жауапкершілікке тартатынын нақтылаған жоқ.
Жандос Мұратәлиев, ІІМ Әкімшілік полиция комитеті төрағасының орынбасары: «Барлық қатысушылар жол қозғалысы үшін қауіпсіз жағдайлар жасауға, өзара көмекке келуге, ережелерді сақтауға және басқа да кедергілер жасамауға міндетті. Осындай фактілер анықталған жағдайда, еліміздің азаматтарына құқық бұзушылықтың видеофиксациясын жасап, әкімшілік полицияға хабарлауды немесе оқиға орнынан 102 нөмірін теруді ұсынамын».
Сондай -ақ, бұл жағдайда тағы бір әдіс бар. Яғни, egov.kz порталы арқылы арыз жазу. Бірақ жүргізушілер бұл видео ереже бұзушылықтың көрсеткіші емес екенін айтады. Дыбысты өзгертуге болады, ал жазылған бейнедегі шу деңгейін қалай анықтайды дейді олар. Мемлекеттік стандарт бойынша Қазақстанда көліктердегі шу деңгейі темір тұлпардың әр түрі үшін 78-84 децибелден аспауы керек. Ал, 90-100 децибел кезінде көлік ішіндегі адамның есту қабілеті бұзылады, орталық жүйке жүйесінің аурулары пайда болуы мүмкін.
Қозғалып келе жатқанда музыканың оңтайлы дыбысы 55-65 децибел деп есептеледі. Бұл деңгей қалыпты сөйлесу кезінде адам дауысымен парапар. Қатты қойылған музыка апатқа әкелуі мүмкін. Себебі жүргізушілер зейіні мен назарды жоғалтады, автокөлік тізгіндегендер басқа жол қозғалысы қатысушыларының сигналдарын естімеуі мүмкін.
Олжас Айдарбек