Сарыағаштықтар жеке клиниканың құрылысына қарсы шықты

121

Түркістан облысы Сарыағаш қаласының тұрғындары үйлерімен жапсарлас салынып жатқан жеке клиниканың құрылысына қарсы шықты. Емдеу мекемесінде мәйітхана болады дегенді естігенде жұрттың үрейі еселене түскен. Ал, жүздеген адамды жұмыспен қамтып отырмын деген емдеу мекемесі басшысының бұл дауға айтар өз уәжі бар екен.

Сарыағаштық шенеуніктерге сенуден қалдық деген тұрғындар жеке клиниканың құрылысын тоқтатуды талап етті. Шіліңгір шілдеде ыстыққа қақталып отырған кезде, енді таңның атысы мен күннің батысына дейін тоқтамайтын құрылыстың шаңын жұтуға мәжбүрміз деп отыр олар.

Айгүл Әділбекова, Сарыағаш қаласының тұрғыны: «Міне, септикті көріп отырсыздар, алдарыңызда тұр. Барлығы қағаз жүзінде дейді. Барлығы есептерін беріп отыр. Біз оған қанағаттанбаймыз. Біз олардың жауабына қанағат жоқ. Біздің көшенің берекесі кетті».

Ал, үйі дәл осы соғылатын нысанмен жапсарлас тұрған Севил Аппазова баспанасын сатуға тура келіп тұрғанын айтады. Қазірдің өзінде құрылыстың кесірінен қабырғалары жарылып, құлаудың сәл-ақ алдында дейді. Алайда, әке-шешесінен мұра болып қалған қара шаңырақты тастап кетуге қимайды. Сондықтан істі соңына дейін жеткізуге білек сыбана кіріскен.

Севил Аппазова, Сарыағаш қаласының тұрғыны: «Осы жылдың 4-шілдесі күні құрылысты бастап кеткен. Ауыр техникаларын алып кетіп, жұмысты күндіз-түні тоқтатпай істеп жатыр. Адамгершілікке салып, рұқсат сұраса болады ғой».

Жеке клиникадан әбден көресінді көрдік деген тұрғындар өздерінің ауласында еркін жүруден қалдық деп отыр. Себебі, төбесінен ентелеп тұрған ауруханадан науқастар қараған кезде ұяламыз дейді. Ал, жанына жапсарлас тағы бір ғимарат көтеретін болса, мүлдем үйден шыға алмай қаламыз ба деп қорқады. Ал, жеке клиниканың басшылығы құрылыс заңды дейді. Тіпті, 150 адамды жұмыспен қамтып отырғанын айтқан бас дәрігер, егер клиника жабылатын болса, нәпақасынан қағылған қызметкерлері жолды жабуға дейін баратынын ашық айтты. Ал клиникада мәйітхана болатынын жала деп отыр.

Жарылқасын Мелдешов, жеке клиниканың бас дәрігері: «Қала әкімшілігінен тағы басқа адамдар маған айтады. «Ол келіншектерге барып жалынып, қалтасына ақша беріп сол кезде ғана қояды, әйтпесе олар қоймайды» дейді.

  • – Қала әкімішілігі айтып жатыр ма?
  • -Қала әкімшілігінен бір жігіттер. Мен енді атын айтсам болмайды ғой».

Ал, жергілікті шенеуніктер аталмыш құрылысқа ешқандай қатысымыз жоқ деп ат тондарын ала қашты. Облыстық мемлекеттік сәулет құрылыс бақылау басқармасынан рұқсат берілгендіктен, қолдан келер ешқандай шарамыз жоқ деп отыр.

«Сіз түсініңіз. Басқарманың міне қортындысы, беріп отыр рұқсатты. Басқарма бізден жоғары орган тұрады. Олар проектіні көріп, экспертизаны көріп қорытындысын беріп отыр. Сондықтан бұл сұрағыңызды басқармаға беріңіз, басқарма айта алады» дейді ондағылар.

Жергілікті биліктің берген жауабына қанаттанбаған тұрғындар жоғарғы жаққа арызданамыз деп отыр. Ал, облыстық басқармадағылар тексеру жұмыстарын жүргізгеннен кейін істің анық-қанығын айта аламыз деп қысқа қайырды.

Жанерке Хумар