«Халықты тағы да улап жатыр ма?»

129

 «Халықты тағы да улап жатыр ма?». Әлеуметтік желіде тағы да дезинфекторлардың белгісіз бір сұйықтық шашып жүрген әрекетіне қатысты даулы видео тарады. Қала тұрғындары арнайы бір құрылғымен себіліп жатқан сұйықтық оларды ауруға душар етіп жатқанын айтады. Тіпті зиянкестермен күресушілерге шабуыл да жасалған екен. Ал мамандар мұны жәндікке қарсы қолданып отырмыз деп сендіреді.

«Тағы да адамдарды улап жатыр ма?!» Әлеуметтік желілерде тағы бір дезинфекциялық шабуыл туралы видео тарады. Бейнежазба авторлары Шымкентте әлдекімдер улы сұйықтық шашып жүргенін, соның салдарынан адамдардың ауыра бастағанын айтады.

«Қаншама жылдан бері қаланы масадан тазартпай, енді бастап кеткен бе? Егер тазарту жұмыстары заңды болса, неге адамдардың наразалығынан соң бәрін жинап кетіп қалды?».

«Біз жақта да осындай өңдеу жұмыстарын жүргізіп еді, сұмдық-ай. Бұларға біреудің өмірін басқару құқығын кім берді?».

«Неге олар газдан сақтаушы бетперде киеді де, ал адамдар онымен тыныс алуы қажет? Құстар өліп жатыр, егін науқаны құрдымға кетуде», деп пікір қалдырған.

Ал мамандар қала тұрғындарын сабырға шақырып отыр. Олар коммуналдық қызметкерлер халықты улап емес, зиянкестермен күрес жүргізіп жатқанын айтады. Емен, қарағаш, басқа да ағаштар жәндіктерден зардап шеккен. Оларға қарсы дәріні тек түн мезгілінде, яғни +25 градустан төмен ауа райында шашу керек дейді сала жауаптылары. Өңдеу жұмыстарынан кейін жапырақтары күннің ыстығына қурап кетуі мүмкін. Ал дезифекторларға шабуыл жасағандардың үстінен полицияға арыз жазылыпты.

Эльнар Буыржан, «Билд строй» ЖШС директорының орынбасары: «Әл-Фараби, Еңбекші ауданының барлық орталық көшелерінде, аулаларда, саябақтардағы ағаштар зиянкестерден зардап шеккен. Соларды қалпына келтіру үшін жұмыстар жүргізілуде. Қазір біздің қызметкерлерге шабуыл жасау дерегі жиілеп кетті. Қаратау ауданында 3 адамымызға күш көрсетіп, дәрі шашып жүрген аппаратын бұзып кеткен».

Компания өкілінің айтуынша, ағаштарға себіліп жатқан сұйықтық адамдарға қауіп әкелмейді. Ал бұл жұмыстар жасыл желек жапырақтарын жеп жатқан зиянкестерден толыққанды арылғанша жалғасатын болады.

Әлихан Файзханов