Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтеновтің төрағалығымен өткен инвестициялық штаб отырысында 9 жоба таныстырылды. Олар ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу, құрылыс саласы, құс шаруашылығын дамыту және әлеуметтік нысандар құрылысы саласы бойынша.

Атап айтқанда, «РЕТ» ЖШС көмірқышқыл газын қайта өңдейтін кәсіпорын салуға ниетті. Жоба құны – 3,5 млн АҚШ доллары. 2022-2023 жылдарға жоспарланған жоба тәулігіне 40 тоннадан астам көмірқышқыл газын қайта өңдеуге қауқарлы.

Жеміс және көкөністерді қайта өңдеуге маманданған «SLT» кәсіпорны 200 адамды тұрақты жұмыспен қамтымақ. Өндіріс орны сағатына 3 тоннадан астам жеміс және көкөністерді қайта өңдемек. Құрал-жабдықтар Түркия, Бельгия, Германия және Италиядан әкелінеді. Қазіргі уақытта келісімдер жүргізілуде.

Ал «КЕРЕМЕТ-САПА» ЖШС көкөніс сақтау бағытына маманданған. Жоба құны – 500 млн. теңге. Алтынтөбе тұрғын алабында құрылыс үшін жер телімі дайын.

Әлихан Файзханов