Шымкентте 200-ге жуық үй қоршау құрсауында қалып отыр

116

 Шымкентте 200-ге жуық үй қоршау құрсауында қалып отыр. Тассай елді мекенінде төрт көше тұрғындары күре жолға шыға алмайды. Тұрғындардың сөзінше, спорт кешені көше болуы керек жерді қоршап алған. Оның иесі болса, меніңкі заңды дейді. Ал, тұрғындар оның сөзін теріске шығарады.

Шымкентте Тассай елді мекеннің бүтін бір төрт көше тұрғындарының күре жолға шығатын жолы жоқ. Тұрғындардың айтуынша, олардың үйіне келетін жолды көрші тұрған спорт кешені заңсыз қоршап алыпты. Салдарынан, 200-ге жуық үйге көлікпен келу мүмкін болмай тұр. Сонымен қатар, учаскесі қоршау ішінде қалып кеткендер де бар.

Сағи Биназар, Шымкент қаласының тұрғыны: «Жол жабық. Мына жерде кімнің учаскесі бос болады, соның арасынан бірінші, екінші көшеге өтеміз. Сөйтіп амалдап бірін-біріміздің жұбатып жүрміз. Бұл деген бассыздық. Қазір мына сабақтың кезі басталды. Жедел жәрдем бар, ешқандай таппайды. Адрес көрсетілмейді. Қақпаға тіреледі де үйіңіз қайда деп сұрайды. Ашуға мінді халық. Енді айта-айта, жазбаған жеріміз қалмады. Қаратау әкімдігі бар, прокуратура, жер қатынастары басқармасына да  жаздық. Бәрі бірін-біріне сілтеп, түйіні жоқ әңгіменің ашығы. Ешқандай жауап келгенде жоқ».

Тұрғындар сөзінше, қоршау 4 жыл бұрын салына бастаған. Ол кезде тұрғызылған үйлер аз еді дейді. Сәйкесінше, біреудің учаскесі арқылы жол жасап алғандарын айтады. Қазір жер иелері келіп үй салып, аумақтарын қоршай бастаған. Енді жол болмаған соң ұзына бойы салынған қоршауды бұза бастапты.

Дүйсенкүл Бақбергенова, Шымкент қаласының тұрғыны: «Мына 4 көше мүлде жол жоқ. Мына шетін «Биік» спорт комплексі жауып алған, ана шетін ағаш базары жауып алған. Мына жақтан да, мына жақтан да ешқандай жолға шықпаймыз. Ал, енді мына канализация жүргізді мына жерден. Осы жерге келіп тоқтады. Бұл жерден қайда барасың жол жоқ десек. Менің қолымдағы бас жоспарда  мынау осы жерден кәріздің үлкен бассейнін саламын дейді. Соған келіп жиналады, кейін кері айдаймыз дейді. Сондай қақпаны ашамыз да біз шомыла береміз да тегін».

Ашынған жұрт тағы бір көшені ашамыз деп қоршауды бұзбақ болды. Алайда, спорт кешенінің күзетшілері басшылық аздан соң келеді деген соң кідіріс жасады. Күтіп шыдамы таусылған халық қоршауға беттеп бір көшеге жол ашты.

Біраз уақыттан соң спорт кешенінің басшысы да келді. Ол учаскемнің құжаттары бар дейді. Тиісті мекемеге жүгінейік, егер дұрыс қоршалмаса, көшені ашып беремін деп отыр.

Бауыржан Абдубаитов, «БИІК-Қазығұрт» ФК президенті: «Сайрам ауданына қарайтын кезінде 15 гектар жерді алғанмын қоршап, ол кезде көше де, үй де жоқ еді. Сол кедегі жігіттердің қағып берген қазығымен қоршалып тұр 2006 жылдан бері қарай. Одан кейін бас жоспар дейді ғой көше қылып, басқа қылып мына жігіттердің айтуынша қоршау дұрыс қоршалмаған дейді. Енді менің қолымда мемлекеттік актым бар ғой. Қазір мамандарды шақырып көрсін, кімдікі дұрыс екенін. Қалай айтылады солай болады ғой. Пәлен деп айта алмаймын. Себебі маман емеспін. Егер дұрыс қағылған болса, өз жерімді өзім қорғаймын. Дұрыс қағылмаса, әрине, ашып беремін».

Ал, қалалық орта сапасы және бақылау басқармасының өкілі, бұл жерде бір-бірінің учаскесіне кіріп кету мәселесі болуы мүмкін дейді. Неге бұлай болған себебін де түсіндірді.

Сәкен Уәлихан, Шымкент қалалық орта сапасы және бақылау басқармасының бас маманы: «Мына жерде бір-бірінің жерінің үстінде отыруы мүмкін. Ол сотпен қаралады. Бірақ бұл мәселе сотта қаралған екен. Сот қараса бұл жерде накладка болуы керек менің өзімнің ойымда.

-Накладка деген?

-Ол бір-бірінің жеріне кіріп кету мәселесі гост актымен.

-Ол дегеніміз мемлекеттік жоба дұрыс емес деген сөз бе?

— Жоқ, жер кадастры ісін жүргізген кезде сол жерде қате болғанда. Кадастрден кеткен қатенің бәрі. Оны кадастр анықтайды, өлшеп шекарасын белгілейді».

Қаратау әкімдігінің өкілі болса, тұрғындар мәселесін назарға аламыз дейді.

Гүлсина Бердібекова, Қаратау ауданы әкімдігі кәсіпкерлікті қолдау бөлімінің басшысы: «Бұл жер дауы мәселесі бойынша бақылауға аламыз міндетті түрде. «Биік» кешенінің заңгері уәде берді, кадастрмен келіп қазық қақтыртады. Кадастр келгенде осы тұрғындарды қайтадан жинап басында боламыз. Ақырына дейін жеткізуге уәде береміз».

Жиналған жұрт қалай да көшеміз ашылсын дейді. Сөздерінше, заңды түрде көше қоршау ішінде болуы керек. Егер жол ашылмаса, бүкіл қоршауды қиратамыз деп бекініп отыр.

Олжас Айдарбек