Шымкентте той жасауын қоймаған 21 тойхана сот шешімімен жабылды

159

Шымкентте жыл басынан бері 21 кәсіпкерлік нысан уақытша жабылды. Оның басым бөлігі тойханалар мен мейрамханалар. СЭС мамандарының сөзінше, карантин режим талаптарын сақтамай, қайта-қайта ережені бұзған нысандар сот шешімімен өз жұмысын тоқтатып отыр. Сонымен қатар, шектеу шараларына жиі мойынсұнбаған 50-ге жуық спорт алаңдары мен сұлулық салоны айыппұл сомасын арқалаған.

Шымкентте эпидахуал жағдайы өршіп тұрса да кейбір мекемелер өз жұмысын тоқтатпай жалғастыруда. Жыл басынан бері басым көпшілігі тойхана мен мейрамхананы құрайтын 21 нысан сот шешімімен уақытша жабылған. СЭС мамандары ауру жұқтырудың негізгі факторы тойда тіркелетінін айтып, тұрғындарды көпшілік орындарға бармауға шақырады.

Алдарқұл Ахметов, Шымкент қалалық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары: «Қайта-қайта той өткізген объектілер бойынша біздің мамандар зерделеу жұмыстарын жүргізеді. Тексеру кезінде, карантин режим талаптары бұзылуы бойынша материалдар толтырылып, сот арқылы жауып жатырмыз. Бүгінгі күнге 21 нысан сот арқылы жабылды уақытша. Олар негізінен қаламыздағы тойханалар мен мейрамханалар».

Мамандар өз бетінше емделіп, дәріханадағы қызметкерлердің тағайындаған қағазына сенбеген дұрыс дейді. Егу бөлмелеріне рейд жасау барысында ем қабылдап жатқан науқастардың көпшілігінде дәрігердің нұсқаулығы жоқ болып шыққан.

Айгүл Тұрымбетова, Шымкент қалалық санитариялық эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары: «Егу кабинеттердегі медициналық жұмыскерлердің ағзаның қандай жағдайда екенін білсе де, білмесе де тағайындап система салдыру үрдісті тоқтату керек. Себебі, көп су құйған сайын системамен, өкпенің ішіне су толады. Өкпенің ішіне су толғаннан кейін адамның жағдайы мүшкілдей бастайды. Мынау көбісі айтады менде 1 күн алдын өкпем зақымдануы 20 процент еді, 6-шы күні 90 процентке жетті деп. Сол әр егу кабинетіне барып жүріп, уақытымды созып алдым деп адамдардың өзі мойындап жатқанын көріп отырмыз».

Сондай-ақ, бүгінгі күнге дейін мониторингтік топ жүргізген рейд барысында 2084 нысанға айыппұл салынып, оның сомасы 133 миллионнан асып отыр. Ал «Ашық» бағдарламасы енгізілгелі «сары» мәртебесі бар 400-ден астам дерек тіркелсе, «қызыл» статус анықталған 61 тұлғаға 30 айлық есептік көрсеткіште айыппұл салыныпты.

Әлихан Файзханов