Шымкенттік ақ халаттылар күшейтілген жұмыс режиміне көшті

83

Шымкентте эпидемиологиялық жағдай В сценарийі бойынша өрбіп жатыр. Қалада 3930 төсек-орын бар, денсаулық сақтау басқармасындағылар жағдай нашарлаған кезде қала Ц сценарийіне көшуге дайын екенін жеткізді, яғни төсек-орын 5416-ға дейін ұлғайтылуы мүмкін.

Сонымен қатар, қаланың бас дәрігер індетке шалдыққандардың ең көп пайызы індетті той-томалақ, жиындардан жұқтырып жатқанын тағы да атап өтті.

Бақытжан Позилов, Шымкент қалалық денсаулық сақтау басқармасының басшысы: «10 тамыздағы ақпаратқа қарағанда 574 науқас бізде коронавирус індетін жұқтырып отыр. Соның 52,3 пайызы той-томалақ, құдайы, отбасылық іс-шараларда жұқтырған. 11,7 пайызы қоғамдық көлікте жұқтырған маскасыз киіп жүрген. 12 пайызы ауру адаммен қарым қатынаста болған».

Шымкентте өткен тәулікте 515 адам коронавирус инфекциясын жұқтырған. Қала әлі де болса қою-қызыл аймақта қалып отыр. Сонымен қатар, егер өткен жылы науқастардың көпшілігінде ауру белгілері болмаса, биыл көпшілігінде індетті белгілері табылып отыр. Күні кеше стационарға 321 науқас жатқызылған. Ал үйде емделіп жатқандарға 3 түрлі дәрі-дәрмек тегін беріліп, көмек көрсетілуде екен.

Бақытжан Позилов, Шымкент қалалық денсаулық сақтау басқармасының басшысы: «Бүгінгі таңда эпидемологиялық жағдай нашарлауына байланысты Шымкент қаласындағы барлық медициналық қызметкерлер қатаң жұмыс істеу режиміне өтті. Барлық емханаларды қала тұрғындарына ыңғайлы болу үшін біз таңғы сағат 8-ден кешкі сағат 20:00-ге дейін сенбі, жексенбі күндері коронавирусқа қарсы вакцина егетін пункттер аштық. Барлық мүмкіндікті пайдаланып вакцина салу қажет».

Дәрігерлер көп жағдайда ауруханаларға ауыр халде өздеріне дәрі-дәрмек тағайындап емделген науқастар түсетінін айтады. Олар бұл әрекеттің соңы оқыс жағдайға алып келуі мүмкін екендігін айтады. Егер адамдар өздігінен дәрі-дәрмек қабылдап, жағдайы нашарласа, онда дәріхана сатушылары мен иесі айыппұл төлейтін болады.

Ләззат Қашқынбаева, ҚР ДСМ Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитетінің Шымкент қалалық департамент басшысының орынбасары: «Қала тұрғындары медициналық көмектің сапасына шағымданатын жағдай болатын болса, дәрілік заттарды медициналық мекеме бермей жатқан болса немесе дәріханаларда дәрілердің бағасын көтеріп сату жағдайлары болатын болса, департаментке жүгінуге болатынын ескертеміз».

Тұрғындардың дәрі-дәрмектің сапасы немесе бағасына қатысты шағымы орынды болса, медициналық мекемелерге де айыппұл салынатын болады.

Әлихан Файзханов