Токио олимпиадасында қола алған боксшыға жерлестері көлік сыйламақ

178

Токио Олимпиадасында өнер көрсеткен боксшы Сәкен Бибосыновқа ауылдастары, достары мен жаттықтырушылары тікелей эфир арқылы қолдау білдірді.

Отандасымыз жартылай финалда Ұлыбританиядан келген боксшымен жұдырықтасты. Бірақ, бұл жекпе-жекте Сәкен жеңіліске ұшырап, қола медальға ие болды. Енді спортшыны өз елінде зор сый-құрмет күтуде.

Түркістан облысының боксшысына онлайн қолдау көрсетті. Сайрам мәдениет үйінде жиналған Сәкен Бибосыновтың туыстары, ауылдастары мен сыныптастары Токиода жартылай финалға шыққан жерлестерінің өнерін тікелей эфир арқылы тамашалады. Спортшы ұлыбританиялық Галал Яфаймен жұдырықтасып, бірінші раундта нокдаунға ұшырады. Төрешілер бұл раундта жеңісті Яфайға берді.

Нокдауннан кейін боксшы өзін қайта қолға алып, екінші раундта 3: 2 есебімен басым түсті. Бірақ жекпе-жектің соңғы нәтижесі бойынша 3:2 есебімен британдық спортшы жеңіске жетті. Ал, Бибосынов 52 келі салмақ дәрежесінде Токио Олимпиадасының қола медаліне қол жеткізді.

Қадірбек Қуатбеков, Сәкен Бибосыновтың алғашқы жаттықтырушысы: «Бұл оның алғашқы Олимпиадасы болды және ол жақсы жекпе-жек көрсетті. Оның қарсыласы — ағылшын боксшысы, ол жақсы бірінші раундта өзін көрсетті, екінші және үшінші кезеңде Сәкен жеңді. Бірақ, әрине, шешім төрешілерде».

Бүгінде боксшыны жерлестері асыға күтіп жатыр. Ал Сайрам ауданының әкімдігі Сәкен Бибосыновты сый-сияпатпен қарсы алуды жоспарлап отыр.

Мадияр Оразәлиев, Сайрам ауданы әкімінің орынбасары: «Біз Сәкенді құрметпен күтіп аламыз. Оған көлік сыйлаймыз. Әзірге қандай маркалы машина беретінімізді білмейміз, бірақ міндетті түрде көлікпен қарсы аламыз».

Токио Олимпиадасында өнер көрсеткен қазақстандықтардың қанжығасында әзірге 7 қола медаль. Бірақ әлі де спортшылардың күміс пен алтын алуға мүмкіндігі бар.

                                                                                        Мөлдір Ибадуллаева