Түлкібас ауданының тұрғындары тауды талқандауға қарсы шықты

205

Тұмса табиғатымен танымал Түлкібас ауданындағы Ақбиік ауылының жанындағы таудың қазіргі сыйқы осындай. Ірі компаниялар 17 жылдан бері оны әр жерінен жарып, цемент пен темірге қажетті қоспаларды тонналап тасып жатыр екен.

Тұрғындардың айтуынша, соңғы екі жылда жару жұмыстары жиілеп кеткен екен. Салдарынан тау шөгіп барады. Бұған әбден ашынған тұрғындар өздерінің талап-тіктерін айтып, бас көтерді.

Жарылыс салдарынан үйлерінің қабырғалары қақырап, едендері қисайып, құлаудың сәл-ақ алдында тұр екен. Тіпті, өндіріске қажетті зиянды қоспалары ауамен таралып, қойлары іш тастап жатса, әйелдердің денсаулықтары сыр беріп, құрсақ көтеруден қалды дейді.

Әмір Айтжанов, Түлкібас ауданының тұрғыны: «Жерасты сулары төмендеп кетті. Бұлақтардың көзі жабылып қалды. Ал, малдың жайылымын ластап жатыр. Қазір малдар қозы тастап жатыр. Болмаса, сойсаң өкпе-бауыры жеуге жарамайды. Бұрын тап-таза болатын. Тозаңның бәрі шөпке түседі, суға түседі соны ішеді-жейді. Әсер етеді. Оны жеген біз қайда барамыз?».

Сондай-ақ, тұрғындар ауыл ішінен арлы-бері жүк артып алып жүйткитін ауыр жүк көліктерін және кен орындағы жару жұмыстарын үзілді-кесілді тоқтатуды талап етіп отыр. Халық алпауыт компания өкілдері елді-мекенді айналып өтетін жол салып, таудағы қажетті элементтерін бұрғылау арқылы алсын деп талапты төтесінен қойды.

Шаяхмет Елубаев, Түлкібас ауданының тұрғыны: «Біз прокуратураға жаздық,  әкімшілікке де айттық. Ешқандай жауап жоқ ол жақтан. Не себепті нәтиже жоқ деп ойлайсыз? Келіп жауап айтпайды ешқандай. Істегеннің орына істеп жатыр. Ауылымызды былай айтқанда тонап жатыр».

Жауаптыларға айта-айта әбден шаршадық деген ауыл тұрғындары бір шешім қабылданбаса, жолды жауып ауыр жүк көліктерін өткізбейміз деп білек сыбана кірісіп отыр. Яғни, осы жерді күндіз-түні қарауылдауға дайынбыз дейді. Жарылыстан қатты зардап шегіп жатқан ғимарттардың бірі – ауыдағы жалғыз балабақша. Дүрсілдеген дыбыстан бүлдіршіндер ұйқыларынан шошып оянады екен.

Айнұр Жаппарова, бала бақша меңгерушісі: «Жарылыс болған кезде, әсіресе балалар ұйықтап жатқан кезде шошып оянады. Ол бір дауыс емес, артынан бірнеше рет жарылыс болған кезде бала тіптен басқаша бір күй кешеді. Біз оны бәріміз жан-жақтан жабылып басып, балаға түсіндіру өте қиын».

Ал, аудан басшылығы бұл мәселеден хабардар. Бірақ аталмыш компаниялардың жұмысына араласа алмаймыз дегеннен әрі аса алмады. Себебі, Экология министрлігі темір рудаларын өндіруге рұқсат беріпті.

Бауыржан Ахметов, Түлкібас ауданы әкімінің орынбасары: «Қазіргі таңда ауылдың сыртынан жол өткізу мәселесі бірінші кезекте тұрған мәселе. Сол бойынша қазіргі таңда аудан әкімінің қаулысын шығарып, жергілікті ЖКХ бөліміне қазіргі таңда сол жолды демеушілер есебінен жұмыстар жоспарланып жатыр. Жарылыстың мөлшерін азайтуды ұсынған болатынбыз».

Ал, кен орнында жұмыс істеп жатқан үш бірдей компания өкілдері барлығы заңды деп отыр. Себебі, жауапты ведомстводан рұқсатымыз бар деп ағынан жарылды. Ал ауыл тұрғындарының шағымы негізсіз деп қысқа қайырды.

Дархан Жиенбай, «FERRUM CONSTRUCTION» ЖШС директоры: «Ондай тәжірибені әлемде ешкім ойлап тапқан жоқ. Жармай қазып алу. Ол тас, оны экскаватор қазып ала алмайды. Оны әлемде астынан бұрғылап алады шахтада. Ол егер 100 метрден төмен болған жағдайда. Ал, бетінде жатқан руданы ешкім жармай ала алмайды».

Айта өтейік, кәсіпкерлер, әкімшілік және тұрғындар арасында бұған дейін үш жақты меморандум түзілген. Яғни, ауылға көмек көрсету мақсатында. Бірақ тұрғындар ешқандай көмектің қажеті жоқтығын айтып, тек жару жұмыстары жуық арада тоқтатылса дейді.