Түркістан облысында деструктивті діни ағымның жақтаушысы ұсталды. Тәртіп сақшылары алғашқыда ол есірткі сатады деп күдіктеніпті. Алайда, үйін тінту кезінде атыс қаруының оқ-дәрілері табылған. Сондай-ақ, полицейлер жол апатына да қатысты деректерді атады.
Айтуларынша, жылдамдықты асырып жол ережесін бұзудың саны көп. Және жаяу жүргіншілердің тәртібіне қатысты проблема да азаймай тұр.
Келес ауданында тұрғынның үйін тінту шаралары тәртіп сақшылары үшін күтпеген жағдайға айналды. Полиция күдіктінің үйіне оның есірткі сатуға қатысы бар екендігі туралы дәлелдер табу үшін келген. Алайда, анашаға ұқсас заттан бөлек, оқ-дәрілер де анықталған. Ер адам діни экстремизмге қатысы бар деген күдікпен ұсталды.
Нұрділдә Ораз, ҚР ІІМ ресми өкілі: «Заттай дәлел ретінде жедел уәкілдер тұрғындардың біріне 25 мың теңгеге сатылған есірткі заты бар түйіншекті тәркіледі. Сонымен қатар, тінту барысында ұсталған азаматтың үйінен жалпы салмағы 760 грамм болатын «анашаға» ұқсас есірткі заты және атыс қаруынан 20-дан астам патрон табылып, тәркіленді».
Ішкі істер министрлігінде өткен брифингте жол -көлік оқиғалары туралы да айтылды. Елімізде жыл басынан бері 7 180 жол-көлік оқиғасы тіркелген. Салдарынан 9 533 адам түрлі дене жарақатын алып, 1 017 адам қайтыс болған.
Серік Түсіпов, ҚР ІІМ Әкімшілік полиция комитеті төрағасының орынбасары: «Жыл басынан бері ел жолдарында 7 180 жол-көлік оқиғасы тіркеліп, соның салдарынан 1 017 адам қаза болып, 9 533 адам түрлі дене жарақатын алды. Жолдағы қауіпсіздіктің айқындаушы факторы ретінде бұрынғысынша жүргізушілердің тәртібі қарастырылып отыр».
Сондай-ақ, биылғы 7 айда елімізде жол ережесін бұзудың 4 млн-ға жуық жағдайы анықталыпты. Оның ішінде жылдамдықты асырудың 1,4 млн фактісі тіркелген. Әрбір бесінші жол-көлік оқиғасы елдімекен аумағында жылдамдықты асырудан болады. Полицейлердің айтуынша, аталған жол апаттарының алдын алуға автоматикалық камераларды орнату елеулі әсер етіп отыр.
Серік Түсіпов, ҚР ІІМ Әкімшілік полиция комитеті төрағасының орынбасары: «2020 жылы жергілікті атқарушы органдармен өзара іс-қимылда қосымша 3,5 мың камера орнатылды. Осы орайда жол ережесін бұзу жағдайын анықтайтын автоматикалық камера саны 13,2 мыңнан асты. Биыл олардың көмегімен 1,6 млн жол ережесін бұзу фактісі анықталды. Еліміздегі әрбір екінші ереже бұзу жағдайы камера арқылы тіркеліп отыр».
Погондылар жаяу жүргіншілердің тәртібіне қатысты проблема бар екенін айтады. Сөздерінше, барлық жағдайда жол апатына жүргізушілер кінәлі емес екен. Қазақстандағы әрбір үшінші жол-көлік оқиғасы, әрбір төртінші көз жұму мен алынған әрбір жарақат жаяу жүргіншілердің салдарынан екен. Жыл басынан бері олардың тарапынан 155 мыңнан астам ереже бұзу анықталыпты.
Олжас Айдарбек