Жыл басынан бері 1017 адам жол апатынан көз жұмды

78

Елімізде жыл басынан бері жол-көлік оқиғасынан 1017 адам қайтыс болды. Ішкі істер министрлігі Әкімшілік полиция комитеті төрағасының орынбасары Серік Түсіпов осылай деп мәлімдеді.

Оның айтуынша, елімізде осы жылы 7 180 жол-көлік оқиғасы тіркелген. Салдарынан 9 533 адам түрлі дене жарақатын алып, 1 017 адам қайтыс болған. Сондай-ақ, биылғы 7 айда жол ережесін бұзудың 4 млн-ға жуық жағдайы анықталыпты. Оның ішінде жылдамдықты асырудың 1,4 млн. фактісі тіркелген.

Серік Түсіпов, ҚР ІІМ Әкімшілік полиция комитеті төрағасының орынбасары: «Жыл басынан бері ел жолдарында 7 180 жол-көлік оқиғасы тіркеліп, оның салдарынан 1 017 адам қаза болып, 9 533 адам түрлі дене жарақатын алды. Жолдағы қауіпсіздіктің айқындаушы факторы ретінде бұрынғысынша жүргізушілердің тәртібі қарастырылып отыр. Биылғы 7 айда жол ережесін бұзудың 4 млн-ға жуық жағдайы анықталды».

Белгілі болғандай, осы жылы жол белгілері талаптары мен таңбаларды елемеудің 1 мыңға жуық оқиғасы анықталды. Бұдан басқа, 13 мыңнан астам жүргізуші автокөлікті мас күйінде басқарғаны үшін ұсталған.

Олжас Айдарбек