«Бай мен кедей баласы»: Екіге бөлінген шағынаудан халқының жанайқайы

123

Біздің арнамызға Шымкент қаласындағы Асар-2 шағынауданының тұрғындары шағымданды. Айтуларынша, бір шағынауданының жартысында коммуналдық қызмет мәселесі толығымен шешімін тапқан, ал екінші бөлігі керісінше әлі күнге дейін су, газ, жарық, жолсыз күн көруде. Себебі, бұл үйлер бұзылып орнына көпқабатты пәтерлер салынады деген жоспар бар көрінеді. Алдын ала бізге ескертпеді деген халық енді не істерін білмей отыр. Ал, әкімдіктегілердің не дейді? 

«Мына бағанадан былай қарай «бай бала» деп айтылады екен. Былай қарай «кедей бала» деп айтылады. Кедей бала дегеннің себебі біз ешқандай проектіге енбегеннен кейін біз еш жерде жоқ адам екенбіз. Ал мына жаққа жарық құрып кетті, газдың құрылғыларының бәрін дайын қойған»,  дейді тұрғындар.

Бар-жоғы 9 көшесі бар бұл шағынауданнның өзі екіге бөлінген. Тұрғындардың айтуынша, мемлекет тек бай балаларының ғана жағдайын жасаған көрінеді. Себебі, жоспар бойынша аймақтың екінші бөлігі бұзылып, орнына көпқабатты үй соғылады екен. Енді қайда барарын білмей отырған жұрт көршілеріміздің комунналдық қызмет мәселесі шешілген соң күмәніміз одан сайын артты дейді.

Жәнібек Сандыбаев, ауыл биі:  «Біз 2013  жылы келгенбіз. 2014 те  үй салған. Ана жерде бір үй бар. Ол үйін тұрғызып болған соң құжаттарын реттеуге барса сіздің тұрған жеріңізге көпқабатты үй салынады деп сізге біз құжат бермейміз депті. Ол таң қалады».

Су, жарық, газ, жол. Бүгінге дейін мұның бірі де қарастырылмаған аумақ тұрғындары бізді жетім қозыдай бөліп қойған дейді. Тіпті, шағынауданның екінші бөлігіне газ бен су жеткізу үшін өз қалтамыздан шығарып төсеген тасымызды қазып тастады деп ашынады. Зардабын біз тартып отырмыз деген олар жолымызды қалпына келтіріп берсін деген талап қойып отыр.

Өміркүл Ділдабаева, тұрғын:  «Тоқалдан туған жоқ шығармыз біз. Бәрі бір Асар 2 нің адамдары. Мына жолымызды су жүргіземіз деп былай қарай тас жолымыздың қайда қалғанын білмей қалдық. Сол тас жолымызды жөндеп берсе. Казір немерелеріміз осы жерден өте алмайды. Жаяу осы жерден алып өтеміз. Қай жерде не бар сол жерден өткізіп анау мектепке алып саламыз».

Бірнеше жыл әкімдіктің есігін тоздырып, ақыры күдер үзген халық өлместің қамын жасап коммуналдық қызметтерді жекеменшік компаниядан кіргізіп көріпті. Алайда, құлайын деп тұрған бағаналар жел күшейген кезде халықты әбден әбігерге салады екен. Әрі әлсіз жарықтың бағасы да аспандап тұр дейді.

Әлжан Дауылбаев, тұрғын: «Жекеменшік жарық келген мұнда, бірақ өте қымбат. Үкіметтікінен екі есе қымбат. Әрі тоқ өте әлсіз. Мұздатқыш да кондиционер де қоса алмаймыз. Барлығы күйіп кетеді. Қанша шығын? Оған кім қарайды? Кім жауапты?».

Қарапайым халықтың жанайқайын тыңдаған соң, Қаратау ауданы әкімдігіне хабарластық. Араға уақыт салып жағдайдың мән-жайын түсіндіру үшін әкім орынбасары келді.

Айтуынша, әу баста ауданның бұл бөлігіне көпқабатты үй салынады деген жоспар болғаны рас. Алайда, тұрғындардың жаппай қоныстануына байланысты өзгеріс енгізіпті. Ашуға булыққан жұртты сабырға шақырған шенеунік бар мәселе жақын күндері шешімін табады деп сендірді.

Азамат Парманов, Қаратау ауданы әкімінің орынбасары: «Осы жерде кезінде қалып кеткен көпқабатты үйлердің жері қыркүйек айында мемлекеттік сараптама шығады. Жаңағы жобалық сметалық құжат. Оған мәслихаттан ақша қарастырамыз. Осы жылы жұмыстар басталады. Бірақ 2022-ге өтпелі болады».

Сонымен қатар, мәселенің барлығы шешілген соң жол салынады деген ол уақытша шағал тас төсеп береміз деп уәде берді.

«Мен басшыларына айтамын олардың. Қазір мына мердігер мекемелермен кездесіп осындай мәселе деп ескертеміз. Қазір енді қыркүйек айында істеп беруге тырысамыз. Жаңбыр маусымы басталғанға дейін»,-деді Азамат Парманов.

Жеке үй ретінде қалдырылған аумақ тұрғындары кезекті мәселердің де шешілетініне үмітті. Тек бұл да құрғақ уәденің бірі болып қалмаса екен дейді.

                                                                                            Мөлдір Ибадуллаева